Жаһандық БАҚ Қазақстанда жоспарланып отырған конституциялық реформаларға ерекше назар аударуда. Сарапшылар бұл өзгерістерді елдің ішкі тұрақтылығын нығайтуға және халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды қадам деп бағалайды.
Eureporter Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V сессиясында ұсынылған бастамаларды талдап, бірпалаталы парламентке көшу, «Құрылтай» атауын енгізу, Халық кеңесін құру, вице-президент институты және жалпыұлттық референдумның халықаралық маңызын атап өтті. Басылым реформалар басқару тиімділігін арттырып, энергетика, инфрақұрылым және транзит салаларындағы шешімдерді жеделдететінін жазады.
The Times of Central Asia Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұрынғы консультативтік құрылымдарды алмастырып, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа өзара іс-қимыл тетіктерін ұсынғанын хабарлады. Реформалар парламенттік бақылауды күшейтуге бағытталғанымен, олардың табысы жаңа институттардың тәуелсіздігіне байланысты болатыны да атап өтіледі.
The Caspian Post 2026 жылғы өзгерістерді 2022 жылдан бергі ең ауқымды реформалар ретінде бағалап, олардың институционалдық қайталануды азайтып, басқару жүйесін айқындайтынын жазады.
The Diplomatic Insight реформаларды геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстанның басқару жүйесін тұрақты әрі болжамды етуге бағытталған прагматикалық қадам деп сипаттады. Вице-президент институты билік сабақтастығын қамтамасыз етіп, халықаралық серіктестерге сенімділік береді.
Айта кетейік, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия 24 қаңтарда жұмысын бастап, бүгін төртінші отырысын өткізді. Онда адамның жеке басына тиіспеу және «Миранда ережесін» бекіту мәселелері қаралды.