Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді Сыртқы істер министрі қызметіне қайта тағайындалды. Ол бұл ведомствоны 2019-2023 жылдары басқарған, -деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Ақорданың мәліметінше, Мұхтар Тілеуберді жаңа қызметіне байланысты бұған дейін атқарған лауазымынан босатылды.
Мұхтар Тілеуберді 1968 жылғы 30 маусымда дүниеге келген. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетін бітірген. Кейін Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Азия және Африка институтында және Корея Республикасындағы Йенсе университетінің Тілдер институтында тағылымдамадан өткен.
Дипломатиялық қызметін 1993 жылы атташе болып бастаған. Кейін Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында түрлі қызмет атқарып, Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінде жұмыс істеген.
2003 жылы Сыртқы істер вице-министрі болып тағайындалды. Кейін Қазақстанның Малайзия, Индонезия, Бруней Даруссалам және Филиппиндегі елшісі қызметтерін атқарды.
2009 жылы Қазақстанның Швейцария Конфедерациясындағы елшісі болып тағайындалып, Лихтенштейн мен Ватикандағы елші міндетін қоса атқарды. Сонымен қатар Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанында Қазақстанның тұрақты өкілі болды.
2016-2019 жылдары Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2019 жылғы қыркүйекте Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. 2021 жылғы қаңтардан 2023 жылғы сәуірге дейін Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі қызметін атқарды.
Мұхтар Тілеуберді – Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесіне ие. Ағылшын және корей тілдерін меңгерген.