Сайлау қарсаңында 8 заңбұзушылық анықталды: Бас прокуратура қазақстандықтарға үндеу жасады
Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында заң талаптарын бұзудың 8 дерегі анықталды. Оның үшеуі қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге, бесеуі үгіт жүргізуге қатысты. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов мәлімдеді, деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Прокуратура органдары сайлау науқанының барлық кезеңінде заңдылықтың сақталуын бақылап келеді. Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты 7 жеке тұлға мен 1 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың барлығы кінәсін мойындап, заңсыз жарияланымдарын онлайн-платформалардан өшірген.
Ерлан Өтегенов сайлау алдындағы үгіт 22 тамыз сағат 00:00-де аяқталатынын еске салды. Осыған байланысты 22 және 23 тамызда кез келген үгіт жұмысына тыйым салынады.
Бұған дейін көшеге ілінген немесе интернетте жарияланған үгіт материалдарын сол күйінде қалдыруға болады. Алайда оларды интернет-ресурстардың басты бетіне қайта шығаруға болмайды.
Сондай-ақ дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіріп, оны таратуға жол берілмейді. Үгітке тыйым салынған уақытта заң талаптарын бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл мөлшері құқық бұзушының санатына қарай 15-тен 35 АЕК-ке дейін жетеді.
Сайлау күні дауыс беру орындарында қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге де тыйым салынады. Сонымен қатар дауыс беруге дейінгі бес күн ішінде және сайлау күні сауалнама нәтижелерін, сайлау қорытындысына қатысты болжамдар мен өзге де зерттеу нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға болмайды.
Бас прокуратура бейбіт жиналыстар өткізу кезінде де заң талаптарын сақтауға шақырды. Жиналыс, митинг және пикет өткізу үшін хабарлама беру, ал демонстрация мен шеру ұйымдастыру үшін келісім алу тәртібі қарастырылған. Бұл талаптарды бұзған жағдайда әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік туындауы мүмкін.
Бұдан бөлек, Бас прокурордың орынбасары бұқаралық ақпарат құралдарында жалған мәлімет пен заңға қайшы контент таратпау қажеттігін атап өтті. Мұндай әрекеттердің салдарына қарай Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте жауапкершілік көзделген.