Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстандағы интернет сапасына қатысты айтылған сын-пікірлерге жауап берді.
Ұлттық банкте өткен брифингте министр интернет сапасына берілетін баға әр адам үшін әртүрлі болуы мүмкін екенін айтты.
«Меніңше, Қазақстандағы интернет сапалы. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Әлі де дамытып, жақсартатын тұстар бар», – деді Жаслан Мәдиев.
Оның айтуынша, қазір елімізде ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтуға бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Келесі жылдың соңына дейін 3 мыңнан астам ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісін жеткізу жоспарланған.
Сонымен қатар министрдің сөзінше, мобильді байланыс операторлары 5G желісіне арналған базалық станцияларды белсенді түрде орнатуда. Қазір Қазақстанның 20 қаласында 3 мыңға жуық 5G базалық станциясы жұмыс істеп, байланыс қамту аймағы кезең-кезеңімен кеңейтіліп жатыр.