ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ: ӨНЕРКӘСІПТЕН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ДЕЙІН – ДАМУДЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ
Өнеркәсіптің тарихи көрсеткіші
2025 жыл Жамбыл облысының өнеркәсіп саласы үшін тарихи кезең ретінде ерекшеленді. Өңір кәсіпорындары бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізіп, 1,3 трлн теңгенің өнімін өндірді. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 15,6 пайызға артып отыр. Нәтижесінде облыс республика бойынша 4-орынға көтеріліп, өзінің өндірістік әлеуетін айқын көрсетті.
Өнеркәсіптегі өсім негізгі салалардағы оң динамикамен тікелей байланысты. Тау-кен өндіру саласының көлемі 32,4 пайызға өсіп, 256,1 млрд теңгені құрады. Бұл жалпы өнеркәсіп көлемінің 19 пайызына тең. Өңдеу өнеркәсібі 12,8 пайызға артып, 834,6 млрд теңгеге жетіп, өңір өнеркәсібінің негізгі тірегі ретінде 62,2 пайыз үлесті иеленді.
Электрмен жабдықтау саласы да тұрақты өсім көрсетіп, 6,9 пайызға ұлғайып, 242,7 млрд теңгені немесе 18,1 пайызды құрады. Ал сумен жабдықтау саласы 2,5 пайызға өсіп, 9,1 млрд теңгеге жетті.
Сонымен қатар 2025 жылдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысында цемент өндіру көлемі алғаш рет 2 млн тоннаға жетті. Бұл республикада өндірілген цементтің шамамен 14 пайызына сәйкес келеді.
Өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты да айтарлықтай өсім көрсетті. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша экспорт көлемі 311,0 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,3 пайызға артты.
*Негізгі капиталға тартылған инвестициялар*
Жамбыл облысында негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 764,5 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 38,8 пайызға артты. Бұл көрсеткіш өңірдің республика бойынша 3-орынға көтерілуіне мүмкіндік берді. Сарапшылар мұны аймақ экономикасының тұрақты дамуы мен инвестициялық тартымдылығының артуымен байланыстырады.
Жалпы инвестицияның негізгі бөлігі — 636,8 млрд теңге — жеке қаржы көздеріне тиесілі. Бұл бизнес пен инвесторлардың өңірге деген сенімінің жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар жеке инвестициялар өсімі бойынша облыс республикада 2-орында тұр.
Қазіргі таңда өңірдің инвестициялық қоржынында 2026–2029 жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын жалпы құны 5,6 трлн теңгені құрайтын 116 жоба бар. Жобалар толық іске асқанда 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
2026 жылдың өзінде 471 млрд теңгеге бағаланған 47 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 2,5 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді.
Инвестициялық жобалар салалар бойынша да нақты бөлінген. Химия өнеркәсібінде жалпы құны 1 трлн теңгеден асатын жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында «Еврохим Қаратау», «Qazaq Soda», «Talas Investment Company», «Altynalmas Reagents», «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» сияқты ірі кәсіпорындар бар.
Ал металлургия саласында жалпы құны 964 млрд теңгеге жуық жобалар іске асуда. Бұл бағытта «Yonggang Central Asia Iron And Steel», «Sany Renewable Energy», «Шоқпар Гагаринское» және «Шағала Майнинг» жобалары жүзеге асырылуда.
Жалпы, аталған бастамалар өңірге қосымша инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
*«Тараз» ИА мен «Jibek Joly» АЭА дамуы*
«Тараз» индустриялық аймағы өңірдің өндірістік және инвестициялық әлеуетін арттыратын маңызды алаңға айналып келеді. Қазіргі таңда мұнда жалпы құны 157 млрд теңгені құрайтын 24 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде 9,3 млрд теңгенің 6 жобасы іске қосылып, нақты өндіріс кезеңіне өтті.
Бұл индустриялық аймақтың кезең-кезеңімен дамып, өңір экономикасына нақты үлес қосып отырғанын көрсетеді.
2025 жылдың үшінші тоқсанында «Тараз» индустриялық аймағы мен «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы аумағында жалпы ауданы 40 мың шаршы метрді құрайтын 3 өндірістік алаң пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта бұл нысандарда тамшылатып суару жүйелері, тұрмыстық химия және өзге де өнім түрлерін өндіру жобалары іске асырылуда.
Аймақтағы маңызды жобалардың бірі – фосфогипсті терең өңдеуге бағытталған өндіріс. Инвестиция көлемі 26 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 160 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Жоба аясында көп жылдар бойы жиналған өндірістік қалдықтар қайта өңделіп, жол тақталары, тротуар плиткалары және құрылыс блоктары сияқты сұранысқа ие өнімдерге айналады. Бұл бастама экономикалық тиімділікпен қатар өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға да ықпал етеді.
Сонымен қатар индустриялық аймақта «KDM International Co., Ltd» компаниясы жүзеге асырып жатқан ірі жобалардың бірі қолға алынған. Құны 150 млн АҚШ долларын құрайтын жоба аясында тәулігіне 900 тонна тұрмыстық қалдықты өңдейтін заманауи зауыт салынуда. Бұл бастама қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін қалыптастырып, экологиялық жүктемені азайтуға және «жасыл экономика» қағидаттарын дамытуға мүмкіндік береді.
Жалпы, «Тараз» индустриялық аймағында жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірдің өнеркәсіптік инфрақұрылымын нығайтып, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға оң әсерін тигізеді.
*Агроөнеркәсіп кешеніндегі ірі жобалар*
Жамбыл облысы ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы өңір ретінде агроөнеркәсіп кешенін индустриялық негізге көшіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Осы бағыттағы ірі жобалардың бірі – Shenqtai Biotech Co., Ltd компаниясының жүгеріні терең өңдеу кешені. Жобаның жалпы құны 800 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда жылына 3 млн тоннаға дейін өнім өңдеп, шамамен 1500 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Қант саласында да кешенді жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Атап айтқанда, инвестиция көлемі 108 млрд теңгені құрайтын, жылына 1 млн тонна шикізатты өңдейтін жаңа қант зауытының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Тараз қаласындағы қант зауытын жергілікті шикізатқа бейімдеу жоспарланса, Меркі қант зауытында өндірістің үздіксіз жұмыс істеу циклі енгізілген.
*«Жасыл энергия: халықаралық жобалар*
Өңірде энергия тапшылығының алдын алу мақсатында халықаралық деңгейдегі бірқатар ірі жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, Total Energies компаниясымен қуатты жел электр станциясын және энергияны жинақтау жүйесі бар жел паркін салу жоспарланған. Жобаның жалпы құны 620 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар Masdar компаниясымен тағы бір жел электр станциясын салу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, Жамбыл облысы «жасыл энергияны» дамытуда өңірлер арасында алдыңғы қатарда келеді.
*Ауыл шаруашылығын нақтылау және түгендеу*
Ауыл шаруашылығы саласында жүргізілген түгендеу жұмыстары бұрынғы статистикалық мәліметтердің нақты жағдайға толық сәйкес келмегенін көрсетті. Мәселен, егістік алқаптарының көлемі 136 мың гектарға артық көрсетілген. Су үнемдеу технологиялары енгізілді деп тіркелген 57 мың гектардың 17 мың гектары іс жүзінде пайдаланылмаған. Сондай-ақ мал саны 4,1 млн деп көрсетілгенімен, нақты көрсеткіш 3,4 млн болған.
Жүргізілген нақтылау және түгендеу шаралары саланың шынайы ахуалын анықтауға мүмкіндік беріп, алдағы кезеңге арналған даму бағыттарын тиімді жоспарлауға негіз қалады.
*Қорытынды:* Жалпы алғанда, іске асырылып жатқан жобалар мен қабылданған нақты шаралар Жамбыл облысының экономикалық әлеуетін арттырып, инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік беріп отыр. Өнеркәсіп, агроөнеркәсіп және энергетика салаларындағы ауқымды бастамалар өңірдің ұзақ мерзімді дамуына серпін беріп, халықты жұмыспен қамту мен әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға оң әсерін тигізеді.