Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтады, деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Құттықтауында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың заманауи қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаудағы, Қазақстан Республикасын қалыптастырудағы, елдің экономикалық әлеуетін нығайтудағы және халықаралық аренадағы беделін арттырудағы тарихи рөлін атап өтті.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы Астанаға көшіру туралы шешімнің ел дамуы үшін ерекше маңызға ие болғанына тоқталды.
«Елорданың Сарыарқа төсіне көшірілуі Қазақстанның жан-жақты өркендеуіне тың серпін берді. Бүгінде Астана қарыштап дамып, әлемдегі көрікті шаһарлардың біріне айналып келеді», – делінген құттықтау мәтінінде.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және бақ-береке тіледі.