Тоқаев жануарларға қатысты жаңа заңға қол қойды
Президент Qasym-Jomart Toqayev жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелеріне қатысты заңға қол қойды, ,-деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Жаңа құжатта үй жануарларын ұстау тәртібі, қаңғыған ит пен мысықтарды реттеу, сондай-ақ уақытша ұстау ережелері қамтылған. Бұған дейін заң жобасын Мәжіліс пен Сенат депутаттары мақұлдаған еді.
Енді жергілікті әкімдіктер мен мәслихаттар қаңғыған жануарларды ұстау пункттерінде қанша уақыт ұстайтынын өздері анықтай алады. Сонымен қатар жануардың иесі бар-жоғын анықтайтын белгілер де кеңейтілді. Бұрын тек чип ескерілсе, енді мойынбау, арнайы белгі және сыртқы келбеті де назарға алынады.
Заңда “эвтаназия” ұғымы да нақтыланды. Енді жануарды жансыздандыру тек ветеринар дәрігердің қорытындысымен және медициналық көрсеткіш болған жағдайда ғана жүргізіледі. Қаңғыған жануарлар санын реттеу құзыреті де әкімдіктерге берілді.
Бұл түзетулер қоғамда қызу талқыланды. Әсіресе эвтаназия мәселесі үлкен пікірталас туғызды. Жануарларды қорғаушылар жаппай ұйықтату тәжірибесіне қарсы шығып, аулау–стерильдеу–вакцинация–қайтару жүйесін сақтауды талап етті.
Нәтижесінде қазіргі қайтарымсыз аулау тәртібі сақталды. Алайда эвтаназия тек медициналық негіз болған жағдайда ғана рұқсат етілетіні заңда нақты бекітілді.
Сонымен қатар жануарларды ұстау және серуендету ережелерін бұзғандарға салынатын айыппұлдар да күшейтілмек. Вице-министр Нұркен Шарбиевтің айтуынша, айыппұл көлемі шамамен 2,5 есеге өседі.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, жануарларға қатыгездік көрсеткен жеке тұлғаларға 30 АЕК-ке дейін, ал лауазымды тұлғаларға 50 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Қайталанған жағдайда жаза мөлшері одан әрі артады.
Бұдан бөлек, жануарларды аулау, панажайда ұстау және серуендету талаптарын бұзған азаматтар мен ұйымдарға да ірі көлемде айыппұл қарастырылған.