«Таза Қазақстан» бастамасы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру мәселесіне ерекше тоқталды ,-деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Президенттің айтуынша, үй жануарларын қорлық пен қиянаттан қорғау – маңызды міндеттердің бірі. Ол бұл бағытта Үкіметке нақты тапсырмалар беріп, жануарларды дұрыс күтпеген азаматтарға қатысты әкімшілік жауапкершілікті күшейтуді, ал оларға қатыгездік танытқан жағдайларда қылмыстық жазаны қатаңдатуды жүктеді.
Мемлекет басшысы қаңғыбас иттер мәселесінің түп-тамыры адамдардың жауапсыздығында жатқанын да атап өтті. Оның сөзінше, кей азаматтар жануарды асырап алып, кейін қарай алмай, көшеге тастап кетеді. Бұл өз кезегінде қоғамдағы күрделі жағдайларға алып келуде.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жануарларға арналған орталықтардың жұмысын ашық бақылауға алудың маңызын айтты. Оның пікірінше, бұл салада түрлі алып-қашпа әңгімелерге жол бермей, қоғамдық бақылауды күшейткен жөн.
Президент өңірлерден келіп жатқан деректерге сүйене отырып, қаңғыбас иттердің шабуылынан балалар мен ересектердің зардап шегіп жатқанын да тілге тиек етті. Осыған байланысты ол мәселені тек заңнамалық деңгейде ғана емес, жүйелі түрде шешу қажет екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы жануарларды қорғау мен оларға жауапкершілікпен қарау қоғамды бөлетін тақырыпқа айналмауы керектігін айтып, бұл бағыттағы жұмыстар «Таза Қазақстан» бастамасының маңызды бөлігі екенін атап өтті.