Жамбыл облысында кене шаққан ер адамның жағдайы асқынып, қауіпті геморрагиялық безгектен көз жұмды, Шу ауданында мал шаруашылығымен айналысатын азамат дер кезінде медициналық көмек пен екпе алмағандықтан, ауруды асқындырып алған, қазір кене шаққан үш жүзге жуық тұрғын дәрігерлердің бақылауында, олардың қанынан жұқпалы белгілер анықталмаған, алайда мамандар аурудың табиғи ошағы бар аумақта қауіптің әлі де жоғары екенін айтып отыр, -,деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Өңірде көктем басталғалы бері жайылымдағы малшылар кене мәселесінен қолайсыздық көріп отыр. Шөп басында көбейген зиянкес жәндіктер төрт түлікке де, адамға да қауіп төндіруде. Мал иелері қора-қопсыны өңдегенімен, жайылымда қауіптің азаймай тұрғанын айтады.
Байзақ ауданының малшыларының сөзінше, кене әсіресе құмды жерлерде көп кездеседі. Олар малға жабысып, жас төлге зиянын тигізіп жатқанын жеткізді.
Дәрігерлер болса, кене шаққан жағдайда уақыт жоғалтпай емханаға жүгінудің маңызын ескертеді. Мамандардың айтуынша, дер кезінде ем жасалмаса, ауру асқынып кетуі мүмкін.
Қазір өңірде алдын алу шаралары күшейтілген. Табиғи ошақтардан жиналған 2700-ден астам кене зертханаға жіберіліп, соның ішінде 151-інен қауіпті инфекция белгілері анықталған.
Санитариялық қызметтің мәліметінше, бұған дейін Жамбыл облысындағы 42 елді мекенде Конго-қырым геморрагиялық безгегіне тән қауіп белгілері тіркелген. Қазір сол аумақтардан қайта сынама алынып, қосымша зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.