Алматыда қоғамдық көлікте жолаушы қызға тиіспек болған ер адам қолға түсті, -деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Оқиға №86 бағыттағы автобуста болған. Куәгерлердің айтуынша, белгісіз ер адам қыздың мойнынан ұстап, оған еркінен тыс жақындасуға әрекет жасаған. Осы сәтте автобустағы жолаушылар дереу араласып, күдіктіні көліктен шығарып жіберген.
Алайда жағдай мұнымен тоқтамаған. Біраз уақыт өткен соң әлгі ер адам қызды қайта аңдып, такси күтіп тұрған жеріне дейін барған. Жәбірленуші бұл жолы қашып үлгеріп, қауіпсіз жерге жеткен.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталған. Ер адам полиция бөліміне жеткізілген. Құқық қорғау органдарының айтуынша, ол психоневрологиялық есепте тұрған. Осыған байланысты арнайы медициналық мекемеге жіберіліп, психиатриялық сараптамадан өтеді.
Тергеу нәтижесіне сәйкес, күдіктінің іс-әрекетіне заң талаптарына сай тиісті жаза қарастырылатын болады.