Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен алқа отырысында агроөнеркәсіптік кешенді цифрландырудың негізгі бағыттары талқыланды. Жиынға министрлік басшылығы, өңір әкімдерінің орынбасарлары мен салалық ұйым өкілдері қатысты.
Министр Айдарбек Сапаровтың айтуынша, президент тапсырмасына сәйкес субсидиялау, жер ресурстарын басқару, өсімдік, мал және балық шаруашылығын қамтитын «е-АӨК» бірыңғай цифрлық экожүйесін құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жүйе барлық мемлекеттік ақпараттық платформаларды біріктіреді.
Вице-министр Ермек Кенжеханұлы 2025 жылдан бастап АӨК-ті цифрландыру мемлекеттік саясаттың жүйелі құралына айналғанын атап өтті. Жаңартылған Жол картасына 144 негізгі бизнес-процесс енгізілген. Мақсат – саланы деректерге негізделген басқаруға көшіру және жасанды интеллектті енгізу.
Айта кетейік, қазір Gosagro.kz, ЕАСУ, ИСЖ секілді ақпараттық жүйелер жұмыс істейді. Мал шаруашылығына арналған мобильді қосымшаларды күн сайын 195 мыңнан астам фермер пайдаланады. Өсімдік шаруашылығы өнімін қадағалау жүйесі Ақмола облысында сынақтан өтіп, келесі жылы ел аумағында іске қосылады. E-Fish жүйесі балық шаруашылығы субъектілерінің 90 пайыздан астамын қамтып отыр.
Министрліктің мәліметінше, 600-ден астам агроөндіруші цифрлық шешімдерді қолданады, елде 200-ден астам смарт-ферма бар. Алқа отырысы қорытындысында цифрлық трансформацияны жеделдету бойынша нақты тапсырмалар берілді.