ҚАЗҰУ-ДЕ ҚАЗА ТАПҚАН СТУДЕНТ ЖАТАҚХАНАДАҒЫ ӘЛІМЖЕТТІККЕ ШАҒЫМДАНҒАН
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көз жұмған бірінші курс студенті Дауыл Бәкіртай бұған дейін туыстарына жатақханада жоғары курс студенттері тарапынан әлімжеттік көріп жүргенін айтқан. Марқұмның жақындарының сөзінше, оны түрлі сылтаумен мазалап, түн ішінде дүкенге жұмсайтын болған деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Туыстарының айтуынша, қайғылы оқиға 15 қарашадан 16 қарашаға қараған түні болған. Екінші курстың сегіз студенті Дауыл мен тағы бір бірінші курс студентін жатақханадағы бөлмеге шақырып алып, соққыға жыққан. Жәбірленушілердің бірінің сөзінше, оларға «сендер бізге ұнамайсыңдар» деген себеппен тиісіп, ұрған.
Марқұмның туысы Ұлдана Сегізбайдың айтуынша, Дауылды соққыға жыққаннан кейін екінші курс студенттері оны есінен танып қалды деп ойлаған. Алғашында жедел жәрдем шақырудың орнына, жанындағы досына оның аяғын жоғары көтеруді тапсырған. Оқиға түнгі сағат 12-ден асқанда болғанымен, медициналық көмек шамамен бір жарым сағаттан кейін шақырылған.
Туыстары мәйітханада студенттің жүрек тұсына тиген ауыр соққыдан қайтыс болғаны айтылғанын жеткізді. Олардың сөзінше, марқұмның кеуде тұсында көгерген және қызарған іздер болған.
Сондай-ақ Дауыл қайтыс болардан бір күн бұрын туыстарына жатақханадағы жоғары курс студенттері тыныштық бермейтінін айтып шағымданған. Олардың айтуынша, бірінші курс студенттеріне жоғары курста оқитындарға міндетті түрде сәлемдесу, «сіз» деп сөйлеу сияқты талаптар қойылған. Кейде түн ішінде оятып, дүкенге де жіберетін болған.
Марқұмның жақындары оқиғаға сегіз студенттің қатысы болғанын айтады. Алайда полиция олардың ішінен бір адамды ғана күдікті деп таныған. Туыстары мұнымен келіспей, оқиғаға қатысы бар барлық адамның әрекетіне құқықтық баға берілуін талап етіп отыр.
Бұған қоса, отбасы университет өкілдерінің оқиға туралы әртүрлі мәлімет бергеніне наразы. Алғашында декан студенттің дене қызуы көтеріліп, ауруханаға жеткізілгенін айтқан. Кейін төбелес болғанын жоққа шығарып, марқұмның мұрынға арналған спрейін көрсеткен. Туыстары оқу орны болған жағдайды ашық түсіндірудің орнына, өлімнің себебін басқа жағдайлармен байланыстыруға тырысқан деп есептейді. Сондай-ақ университет тарапынан уәде етілген материалдық және моральдық көмектің әлі көрсетілмегенін мәлімдеді.
Еске салайық, 16 қарашада ҚазҰУ-дың бірінші курс студенті Дауыл Бәкіртайдың қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Ол география және табиғатты пайдалану факультетінде білім алған. Университет баспасөз қызметі студенттің қазасын растады.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстаған. Алайда оқиғаның толық мән-жайы мен оған қатысы бар адамдар туралы әзірге толық ақпарат жарияланған жоқ.
Айта кетейік, бұл ҚазҰУ-де соңғы он күн ішінде тіркелген екінші студент өлімі. 6 қарашада журналистика факультетінің бірінші курс студенті де көз жұмған еді. Оның өз-өзіне қол жұмсағаны туралы әлеуметтік желіде тараған ақпарат ресми түрде расталмады. Бұл дерек бойынша да полиция қылмыстық іс қозғаған.