Алматыдағы Студенттер сарайының бір бөлігі опырылып түсті
Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының бір бөлігі опырылып түсті. Оқиға 23 қыркүйек күні сағат 23:00-ден кейін болған. Сол уақытта ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Оқиға орнындағы жағдайды куәгерлер әлеуметтік желіде жариялаған видеолар арқылы көрсетті. Кадрларда ғимарат маңын қалың шаң басып қалғаны байқалады. Куәгерлердің айтуынша, оқиғадан кейін біраз уақыт өтсе де, полиция мен өрт сөндірушілер келмеген.
Оқиғаға байланысты ҚазҰУ басшылығы түсініктеме берді. Университет мәліметінше, Студенттер сарайының құрылысы 1985 жылы басталып, 1998 жылы аяқталған. Нысанның құрылысы ұзаққа созылып, соңғы кезеңдегі жұмыстар шаруашылық тәсілмен жүргізілген.
Университеттің хабарлауынша, ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 30 жыл бойы күрделі жөндеуден немесе қайта жаңғыртудан өтпеген. Осы уақыт ішінде құрылыс конструкциялары мен инженерлік жүйелердің табиғи тозуы байқалған.
2023 жылы аккредиттелген ұйым ғимараттың техникалық жағдайына сараптама жүргізген. Тексеру кезінде көтергіш конструкцияларға қатысты бірқатар елеулі ақау анықталған.
Атап айтқанда, темірбетон ригельдерінің кейбірі жоқ, жертөледе бірқатар темірбетон қабырғалары қарастырылмаған, кей бағандардың түйісу орындары тат басып, бүлінген. Кейбір құрастырмалы темірбетон бағандардың түйіскен жерлері қисайған. Сонымен бірге екінші қабаттағы жекелеген бөліктерде бірінші қабаттан жалғасуы тиіс бағандар болмаған.
Ригельдер мен бағандардың түйісу орындарында да ақаулар анықталған. Соның салдарынан кейбір ригельдер тіреу элементтеріне тиісті деңгейде бекітілмей, өзара жалғанған.
Сараптама барысында ғимараттың оңтүстік және солтүстік бөліктеріндегі бірінші қабатта темірбетон ригельдерінің майысқаны да анықталған. Бұдан бөлек, жертөледегі кей кеңістіктердің қабырғалары жоқ және олар топырақпен толтырылған.
Ғимарат қасбетінің жылу оқшаулағыш қабаты да толық бұзылған. Университет бұл жағдай жарықтардың пайда болуына және нысанның жылуды сақтау қабілетінің төмендеуіне әкелгенін атап өтті. Шатырдың металл конструкцияларында, соның ішінде қасбет бөлігінің астында таттану мен жекелеген деформациялар анықталған.
Университет өкілдерінің айтуынша, аталған ақаулардың көпшілігін сыртқы әрлеу қабатын бұзбай, көзбен анықтау мүмкін болмаған.
Сараптама қорытындысында ғимараттың бастапқыда құрылыс нормалары мен талаптары сақталмай пайдалануға берілгені көрсетілген. Университет қолданыстағы талаптарға сәйкес, ғимараттарға 3-5 жыл сайын жөндеу, ал кемінде 20-25 жылда бір рет күрделі жөндеу жүргізілуі қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар оқу орны 2024 жылдың қаңтарында Алматы мен оған жақын аумақтарда бірнеше жер сілкінісі болғанын еске салды. Университеттің мәліметінше, мұндай сейсмикалық белсенділік ұзақ уақыт пайдаланылған әрі конструкцияларында ақауы бар ғимараттарға қосымша салмақ түсіруі мүмкін.
Осыған байланысты Студенттер сарайын кешенді түрде жаңартып, оның сейсмикалық төзімділігін арттыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі туындаған.
Университет нысанның мәдени және қоғамдық маңызын да ескергенін айтты. Студенттер сарайы түрлі мәдени және бұқаралық іс-шаралар өтетін орын болғандықтан, оны бұзбай сақтап, қалпына келтіру туралы шешім қабылданған.
Қазір басты міндет — ғимараттың конструкциялық беріктігін қамтамасыз етіп, студенттер, қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіздігін сақтау. Университет нысанның қауіпсіздігіне қатысты қажетті шаралар қабылданатынын мәлімдеді. Сонымен бірге жүргізілген зерттеулердің нәтижесі мен алдағы шешімдер туралы қосымша ақпарат беруге уәде етті.