679 КӘСІП БОЙЫНША БІЛІКТІЛІКТІ РАСТАУҒА БОЛАДЫ
Еліміз бойынша 815 кәсіп түрінде өз біліктілігіңізді растау арқылы жұмыс істей аласыз. Бүгінде 4 мыңнан астам азамат кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өткен, - деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық агенттігі.
Біз сөз етіп отырған 800-ден астам кәсіпте арнайы жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алмасаңыз да еңбек етіп, табыс табуға болады. Себебі Еңбек министрлігіне тиесілі заңға өзгерістер енгізілген. Нақтырақ айтсақ, 2023 жылдан бастап елімізде кәсіптік біліктілікті тану рәсімі курстар, тренингтер, кәсіптік оқыту және өздігінен білім алу, жұмыс тәжірибесі шеңберінде алынған білімді, машықтар мен дағдыларды ресми түрде растауға мүмкіндік береді.
Осы тұста біз Еңбек министрлігіне сауал жолдап, аталмыш өзгерісті түсіндіруін сұрадық. Мамандардың сөзінше, тиісті сертификат арқылы да жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар.
– 2023 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде еңбек шартын жасасу кезінде кәсіптік біліктілікті тану туралы құжатты пайдалану мүмкіндігі көзделген. Яғни аталмыш құжат жұмысқа орналасу кезінде заңнамада көзделген басқа құжаттармен қатар ұсынылуы мүмкін. Мәселен, адам көп жылдан бері дәнекерлеу жұмыстарымен айналысады. Ол тиесілі жабдықтың әртүрлі түрлерімен жұмыс істей алады, металл конструкцияларды біріктіреді, қажетті білімі мен практикалық тәжірибесі бар. Алайда оның бейінді дипломы жоқ. Бұрын бұл жұмысқа орналасуға кедергі болуы мүмкін еді. Енді мұндай маман өз біліктілігін ресми түрде растай алады. Ол үшін Career Enbek цифрлық платформасына кіріп, электрондық өтініш беру жеткілікті. Белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда кандидатпен шарт жасалады және біліктілік емтиханы тағайындалады. Кандидат теориялық және практикалық бағалаудан өтеді. Сәтті тапсырған жағдайда оған «Дәнекерлеуші» кәсібі бойынша кәсіптік біліктілікті тану туралы құжат беріледі, – деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Кәсіптік біліктілікті тану басқармасының басшысы Алмас Жұмабеков.
Маманның айтуынша, бүгінде арнайы тізімі әзірленген. Аталмыш құжат өнеркәсіп, құрылыс, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету саласы және кәсіптік қызметтің басқа да бағыттарын қамтиды. Қазір онда 815 кәсіп бар. Тиісті құжатты алу үшін мансап орталықтарына жүгіну қажет.
– Кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен Қазақстан Республикасының азаматтары да, елде жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да өз бетінше немесе жұмыс берушінің жолдамасы бойынша өте алады. Ол үшін жеке, не жұмыс берушінің жолдамасы бойынша жүгінуге болады. Әуелі азаматқа кәсіпті және аккредиттелген тану орталығын таңдап, содан кейін өтінішті Career Enbek цифрлық платформасы арқылы электрондық түрде не таңдалған орталыққа тікелей қағаз түрінде беру қажет. Бағалау рәсімі екі кезеңнен тұрады. Алғашқысы – теориялық емтихан. Онда таңдалған кәсіп бойынша еңбек функцияларын орындау үшін қажетті үміткердің кәсіптік білімі тексеріледі. Практикалық кезеңге жіберілу үшін сұрақтардың 70%-дан астамына дұрыс жауап беру қажет. Келесі кезеңде бекітілген біліктілік бағдарламасына сәйкес нақты тапсырмаларды орындау арқылы азаматтың алған білімі мен дағдыларын іс жүзінде қолдана білу қабілеті бағаланады. Емтихандарды сәтті тапсырған жағдайда тану орталығы кәсіптік біліктілікті тану туралы құжат береді, ол туралы мәліметтер Career Enbek цифрлық платформасында орналастырылады. Айта кету керек, кәсіптік біліктілікті ерікті негізде тану кандидаттың өз қаражаты не жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бұл ретте тіркелген жұмыссыз азаматтар үшін біржолғы ваучер есебінен рәсімнен тегін өту мүмкіндігі көзделген, – дейді Алмас Өсербайұлы.
Орталық басшысының айтуынша, бұл құжатты тек заң шеңберінде жұмысқа орналасу үшін пайдалануға болады. Нақты жұмысқа алу мәселесі жұмыс берушінің шешіміне байланысты. Ал аталған куәлік еңбек шартын жасасу кезінде ұсынылуы мүмкін құжаттардың қатарында бар. Куәлік дипломды алмастыра алмайды. Дегенмен егер жұмыс берушінің лауазымға үміткердің білім деңгейіне қойылған басқа талаптары болмаған жағдайда ғана біліктілікті тану құжаты бойынша олардың иелерімен еңбек шартын жасауға яғни жұмысқа қабылдауға құқығы бар.
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ