ҚАЗАҚСТАНДА ҚАРЫЗЫН ӨТЕЙ АЛМАЙ ЖҮРГЕН АЗАМАТТАРҒА ЖЕҢІЛДІК БЕРІЛЕДІ
Қазақстанда бес жылдан астам уақыт бойы қарызын өтей алмай жүрген азаматтар соттан тыс банкроттық рәсімінен бір ай ішінде өте алады. Ал жалпы тәртіп бойынша бұл рәсім алты айға созылады. Алайда ол үшін заңда белгіленген талаптарға сай болу қажет, деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, қарыздан құтылудың үш жолы бар: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.
Соттан тыс банкроттыққа кімдер өтініш бере алады?
2026 жылы қарыздың шекті мөлшері 6 920 200 теңгеден аспауы керек. Сонымен қатар азаматтың қатарынан 12 ай бойы төлем жасамағаны, атында мүлік жоқ екені және заңда көзделген өзге де талаптарға сай болуы ескеріледі.
Алайда кейбір азаматтарға жеңілдіктер қарастырылған. 2026 жылғы 19 наурыздан бастап бес жылдан астам уақыт өтелмеген қарызы бар адамдар үшін рәсім бір ай ішінде аяқталуы мүмкін. Соңғы алты айда атаулы әлеуметтік көмек алған азаматтарға да 12 ай бойы төлем жасамау талабы қолданылмайды.
Бұдан бөлек, 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған банк қарызы мен микрокредит шарттары бойынша банкроттыққа өтініш берер алдында кредитормен берешекті реттеу міндетті емес.
Қарыз 6,9 миллион теңгеден асса не істеу керек?
Бұл жағдайда азамат сот арқылы банкроттық рәсіміне жүгіне алады. Мұндай кезде қаржы басқарушысы тағайындалып, борышкердің мүлкі қарызды өтеу үшін сатылуы мүмкін. 2026 жылы қаржы басқарушысының ай сайынғы сыйақысы 85 мың теңгені құрайды. Заңда көзделген жағдайларда бұл шығынды мемлекет өтейді.
Қарызды бес жылға дейін бөліп төлеуге болады
Тұрақты табысы бар, бірақ қарызын өтеуге қиналып жүрген азаматтар төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін пайдалана алады. Ол үшін сот арқылы қарызды бес жылға дейінгі мерзімде өтеу жоспарын бекітуге болады. Бұл ретте азамат банкрот мәртебесін алмайды.
Банкроттықтың қандай шектеулері бар?
Банкрот деп танылған азаматтарға бірқатар шектеу қойылады:
* 5 жыл бойы заңда көзделген ерекшеліктерден басқа жағдайда банк қарызы мен микрокредит алуға тыйым салынады;
* 7 жыл ішінде қайтадан банкроттық рәсіміне жүгінуге болмайды;
* 3 жыл бойы азаматтың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі.
Өтінішті қайда беруге болады?
Соттан тыс банкроттыққа өтінішті eGov.kz порталы, eGov Mobile, e-Salyq Azamat қосымшасы немесе халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы беруге болады.
Ал сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдері азаматтың тұрғылықты жері бойынша сотта қаралады.