ҚАЗАҚСТАНҒА КІРУ ҚИЫНДАЙДЫ: ЖАҢА ЕРЕЖЕЛЕР 2027 ЖЫЛЫ КҮШІНЕ ЕНЕДІ
2027 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанға келетін шетел азаматтары электронды кіру рұқсатын рәсімдеуге міндеттеледі. Жаңа талап кімдерге қатысты болатыны және қандай санаттағы азаматтар рұқсат алудан босатылатыны белгілі болды, – деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Электронды рұқсатты қалай алуға болады?
Құжатты арнайы цифрлық платформа арқылы тегін рәсімдеуге болады. Ол үшін шетел азаматы сапарға дейін кемінде 72 сағат бұрын өтініш беріп, жеке басын сәйкестендіру рәсімінен өтуі керек. Рұқсат ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісілгеннен кейін ішкі істер органдары тарапынан беріледі. Оның жарамдылық мерзімі – 180 күнтізбелік күн.
Шекара қызметінің мамандары құжаттың бар-жоғын «Бүркіт» бірыңғай цифрлық жүйесі арқылы тексереді. Паспорттық бақылау кезінде азамат өтініш бергенде көрсеткен жарамды төлқұжатын немесе жеке басын куәландыратын басқа құжатын ұсынуға тиіс.
Жаңа жүйе бірнеше кезеңмен енгізіледі. 2026 жылғы 1 қарашадан бастап ол Ақтау халықаралық әуежайында және «Үрлітөбе», «Аухатты», «Атамекен», «Нұрлы жол» автомобиль өткізу бекеттерінде іске қосылады. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап талап Астана мен Алматының халықаралық әуежайларында қолданылады. Ал 1 наурыздан бастап мемлекеттік шекарадағы қалған өткізу бекеттеріне енгізіледі.
2027 жылғы 1 шілдеге дейін жүйе жұмыс істей бастаған бекеттерде рұқсаттың болмауы шетелдікті елге кіргізбеуге өздігінен негіз болмайды. Бұл уақытта азаматтарға жаңа талапты орындау тәртібі түсіндіріледі.
Кімдер электронды рұқсат алмайды?
Жаңа талап АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Аустралия, Жапония, Үндістан, Иран және Түркия азаматтарына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Қазақстанмен визасыз қатынас туралы келісімі бар басқа мемлекеттердің азаматтарына қатысты болады.
Алайда бірқатар санаттағы азаматтар электронды рұқсат рәсімдеуден босатылады. Олардың қатарында Қазақстанның жарамды визасы, уақытша тұруға рұқсаты немесе ықтиярхаты бар шетелдіктер бар. Сондай-ақ 16 жасқа толмаған балалар мен 65 жастан асқан азаматтарға бұл талап қолданылмайды.
Бұдан бөлек, дипломаттар, ресми делегация мүшелері, мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санаттары, әуе, теңіз және өзен кемелерінің экипаждары, пойыз бригадалары, халықаралық жүк көліктері мен автобустардың жүргізушілері де рұқсат алудан босатылады. Шекарадан өтпейтін транзиттік жолаушыларға және қаулыда көрсетілген өзге де санаттарға қатысты ерекшеліктер қарастырылған.
Шетелдіктер Қазақстанда қанша уақыт бола алады?
Визасыз келген шетел азаматтары Қазақстан аумағында шекарадан өткен күннен бастап 30 күнтізбелік күнге дейін жүре алады. Дегенмен кез келген 180 күндік кезеңдегі жалпы болу мерзімі 90 күннен аспауға тиіс. Егер халықаралық келісімдерде өзгеше тәртіп көзделсе, сол ережелер қолданылады.
Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азаматтары Қазақстанда 90 күнтізбелік күнге дейін бола алады. Оларға да кез келген 180 күн ішіндегі жалпы мерзімнің 90 күннен аспау талабы қойылады.
Шетелдіктердің Қазақстанда жұмыс істеуі үшін тиісті құжаттары болуы қажет. Еңбек қызметіне қажетті рұқсатты жергілікті атқарушы орган береді.
Сонымен қатар шетел азаматын қабылдайтын тарап оның келгені туралы ішкі істер органдарына үш жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті. Егер азамат уақытша тұратын мекенжайын өзгертсе, бұл туралы да белгіленген мерзімде хабарлау қажет.
Бұған дейін вице-премьер-министр, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көші-қон заңнамасының сақталуына бақылау күшейтілетінін айтқан. Ережені бұзған мигранттар мен жұмыс берушілерге жауапкершілік қарастырылатынын да мәлімдеген.