Бірнеше банкте немесе микроқаржы ұйымында қарызы бар азаматтар берешегін бір өтініш арқылы реттей алады. Бұл үшін Finkelisim.kz платформасы жұмыс істеп тұр. Жүйе 2026 жылғы 1 шілдеден бастап іске қосылған, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Платформаға екі немесе одан да көп кредитор алдында 90 күннен астам уақыт төленбеген қарызы бар азаматтар өтініш бере алады. 2026 жылы жалпы қарыз көлемі 648 750 теңгеден 6,92 миллион теңгеге дейін болуы керек. Бұл тәртіп кепілсіз тұтынушылық несиелерге қатысты. Ипотека, автонесие және кәсіпкерлік мақсатта алынған қарыздар қамтылмайды.
Өтініш мақұлданған жағдайда азаматтың барлық берешегі бір төлем кестесіне біріктіріледі. Қарызды өтеу мерзімі бес жылға дейін белгіленеді. Ал әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін бұл мерзім жеті жылға дейін ұзартылуы мүмкін. Осылайша қарыз алушы бірнеше ұйымға бөлек төлем жасамай, бір кесте бойынша қарызын өтейді.
Платформаға өтініш беру кезінде азамат жеке басын растауы қажет. Жүйе оның қарыздары туралы ақпаратты автоматты түрде тексеріп, талаптарға сәйкестігін анықтайды. Барлық қажетті келісімдер беріліп, құжаттарға қол қойылғаннан кейін қарызды өндіріп алу шаралары уақытша тоқтатылады.
Қарызды реттеу рәсімі азаматтар үшін тегін. Медиатор қызметіне қатысты шығындарды да белгілі бір мерзімге банк және микроқаржы омбудсмандары өтейді. Бұл мүмкіндік бірнеше несие бойынша төлемі кешігіп жүрген азаматтарға берешегін бір жүйе арқылы реттеуге жағдай жасайды.