Қазақстандағы жоғары оқу орындарында кейбір мамандықтар бойынша оқу мерзімін қысқарту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл бастама әсіресе IT және жасанды интеллект бағыттарына қатысты ұсынылуда, - деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, қыркүйек айында алғашқы Қазақ ұлттық жасанды интеллект зерттеу университетін іске қосу жоспарланған. Жаңа оқу орнында әр студентке бейімделген білім беру тәсілдері мен арнайы алгоритмдер қолданылмақ.
Министр IT және жасанды интеллект салаларындағы технологиялардың жылдам өзгеретінін атап өтті. Осыған байланысты бұл бағыттарда төрт жыл білім алу кей жағдайда ұзақ болуы мүмкін.
«Оқу мерзімін қысқарту да қарастырылып жатқан бағыттардың бірі. Мәселен, IT және жасанды интеллект салаларында төрт жылдық оқу тым ұзақ болуы мүмкін. Себебі бұл бағыттардағы білім мен технология өте жылдам жаңарады. Осыған байланысты оқу бағдарламасы қысқартылған қолданбалы бакалавриат енгізу нұсқасы ұсынылып отыр», – деді Саясат Нұрбек.
Министрдің сөзінше, алдағы уақытта Қазақстанда икемді әрі аралас білім беру тәсілдері кеңейе түспек. Университеттерге оқу бағдарламаларын әзірлеуде көбірек еркіндік берілген.
Сондай-ақ жаңа оқу үлгілерін енгізуге қажетті нормативтік база әзірленген. Министр жоғары білім беру жүйесінде өзгерістер жалғасып, университеттерге жаңа тәсілдерді сынап көруге мүмкіндік артатынын айтты.