ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУДЫ КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРУ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРДІ
Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және одан босату тәртібіне өзгерістер енгізілді. Қорғаныс министрлігі әскери билет беру мен азаматтарды әскери есепке алу талаптарын да нақтылады. Жаңа ережелерде әскерге баруға міндетті азаматтардың санаттары мен кейінге қалдыруға негіз болатын жағдайлар көрсетілген деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Құқықтық актілердің ресми базасында жарияланған құжатқа сәйкес, әскери қызметті кейінге қалдыру құқығы бірнеше санаттағы азаматқа беріледі.
Атап айтқанда, денсаулығына байланысты тұрақты күтімді қажет ететін жақын туысына қарайтын, сондай-ақ заң бойынша оған көмектесуге міндетті өзге туыстары жоқ азаматтар әскерге шақыруды кейінге қалдыра алады. Баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әкелерге де осындай мүмкіндік қарастырылған.
Бұдан бөлек, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған адамдарды кемінде екі жыл бойы асырап, тәрбиелеген азаматтар да кейінге қалдыру құқығына ие. Заңды некеде тұрып, баласы бар ер адамдарға да бұл талап қолданылады.
Оқу орнында білім алып жүрген жастар оқу мерзімі аяқталғанға дейін әскери қызметке шақырылмайды. Денсаулығына байланысты уақытша жарамсыз деп танылған азаматтарға да кейінге қалдыру беріледі.
Мұндай құқық педагогтерге, ауылдық жерде өз мамандығы бойынша жұмыс істейтін дәрігерлерге, Құрылтай және мәслихат депутаттарына да қарастырылған. Сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы ұшқыштар, инженерлер, механиктер мен техниктер, кеме экипажының мүшелері және құқық қорғау органдарының оқу орындарында бастапқы даярлықтан өтіп жатқандар да осы санатқа кіреді.
Ал қылмыстық іс бойынша анықтау немесе алдын ала тергеу жүргізіліп жатқан, сондай-ақ ісі сотта қаралып жатқан азаматтарды да шақыру уақытша кейінге қалдырылады.
КІМДЕР ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТТЕН ТОЛЫҚ БОСАТЫЛАДЫ?
Құжатта мерзімді әскери қызметтен босатылатын азаматтардың тізімі де айқындалған. Олардың қатарында денсаулығына байланысты әскери қызметке жарамсыз деп танылғандар бар.
Сонымен бірге заңда белгіленген негіздермен әскерге шақырылмай, 27 жасқа толған азаматтар да мерзімді қызметтен босатылады. Әскери міндетін атқару кезінде жақын туысы қаза тапқан немесе қайтыс болған, сондай-ақ әкесі, анасы, аға-інісі не әпке-қарындасы бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтарға да жеңілдік қарастырылған.
Бұған дейін басқа мемлекетте әскери немесе баламалы қызмет өткергендер, Қазақстанның арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет атқарғандар, ғылыми дәрежесі бар азаматтар мен тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері де мерзімді әскери қызметтен босатылады.
Айта кетейік, кейінге қалдыру мен әскери қызметтен босату екі бөлек ұғым. Біріншісі белгілі бір мерзімге беріледі, ал екіншісі заңда көрсетілген негіздер бойынша азаматты мерзімді әскери қызметке шақырудан босатуды білдіреді.
Жаңа бұйрықта әскери билет беру тәртібі де қамтылған. Атап айтқанда, құжат рәсімдеу кезінде қателер анықталса, оларды түзету жолдары мен мемлекеттік қызмет көрсету талаптары белгіленген.