Әкелер күні тағылымды іс-шаралармен ерекшеленді
Отбасының қорғаны, тірегі саналатын әкенің қоғамдағы орны қашанда айрықша. Осыған орай Әкелер күніне арналған тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылып, әке мен бала арасындағы байланысты нығайтуға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге басымдық берілді, деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Мереке аясында Астанада «Отбасы – бақыт мекені» жобасы шеңберінде әкелер мен балаларға арналған қыш құмыра жасау бойынша шеберлік сабағы өтті. Boyau Art Studio шығармашылық алаңында ұйымдастырылған шарада қатысушылар кәсіби мамандардың жетекшілігімен керамика өнерінің қыр-сырымен танысып, өз қолдарымен түрлі бұйымдар жасады.
Шеберлік сабағы барысында әкелер мен балалар бірлесе еңбек етіп, ерекше естелік сыйлықтар әзірледі. Ортақ жұмыс олардың өзара түсіністігін арттырып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берді.
Шараға ұлы Әлиханмен бірге қатысқан Нұрдәулет Әбілдаев мұндай бастамалардың отбасы мүшелерін жақындастыра түсетінін айтады.
– Күнделікті тіршіліктің қамымен балаға уақыт бөлу кейде кейінге қалып жатады. Осындай шаралар әке мен баланың бірге уақыт өткізуіне, ортақ дүние жасауына мүмкіндік береді екен. Ұлым екеуміз алғаш рет қыштан бұйым жасап көрдік. Әуелде қиналғанымызбен, кейін бір-бірімізге көмектесіп, шағын құмыра жасап шығардық. Баламның қуанышын көріп, өзім де ерекше әсер алдым. Кейде балаға қымбат сыйлық емес, әкесімен бірге өткізген бір сағаттың өзі өмір бойы ұмытылмас естелік болып қалатынын түсінесің. Бүгінгі күн біз үшін ерекше сәттердің біріне айналды, – дейді ол.
Сонымен қатар Әкелер күні аясында Sairan Arena спорт кешенінде футболдан шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Қатысушылар кәсіби бапкерлердің жетекшілігімен жаттығулар жасап, спорттың қыр-сырын меңгерді. Қызықты эстафеталар мен белсенді ойындар көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Шараның басты ерекшелігі – әкелер мен балалар арасындағы жолдастық кездесу болды. Бір команда сапында өнер көрсеткен қатысушылар ортақ мақсатқа ұмтылып, өзара сенім мен түсіністікті нығайтты. Турнир соңында белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Мұндай игі бастамалар әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін айшықтап қана қоймай, отбасы институтын нығайтуға да ықпал етеді. Әкелер күні бүгінде ұрпақ сабақтастығын жалғап, отбасылық құндылықтарды ұлықтайтын маңызды мерекелердің біріне айналып келеді.