ТАРАЗДА ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ЖҰМЫС БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Тараз қаласында «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңның негізгі ережелері түсіндіріліп, жаңа органның жұмыс тәртібі талқыланды. Семинарға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ өңірдегі азаматтық қоғам мүшелері қатысты, деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Жиында жаңа органның міндеттері мен өкілеттіктері, қоғамдық ұйымдармен байланыс орнату жолдары сөз болды. Семинарды ашқан Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев заңның мазмұнын түсіндірумен қатар, өңірдегі қоғамдық ұйымдармен бірлескен жұмысты жолға қою маңызды екенін атап өтті.
Қазақстан Халық Кеңесі Хатшылығының Этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимыл бөлімінің меңгерушісі Ғалым Шойкин жаңа органның құрылу себептері мен негізгі міндеттеріне тоқталды. Оның айтуынша, Кеңес Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың жинақтаған тәжірибесіне сүйенеді. Бұрын этносаралық татулықты сақтау басты назарда болса, енді ортақ азаматтық бірегейлік пен жалпыұлттық құндылықтарды нығайтуға басымдық беріледі.
Сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің қоғам өміріндегі орны сақталып қана қоймай, олардың елдік мәселелерді талқылауға қатысу мүмкіндігі кеңейеді. Кеңес азаматтардың ұсыныстарын жинаумен шектелмей, оларды мамандар мен мемлекеттік органдардың қатысуымен зерделеп, нақты ұсыныстар әзірлеуді көздейді.
Ғалым Шойкин өңірлерде Қазақстан Халық Кеңесінің жеке филиалдары ашылмайтынын да түсіндірді. Жергілікті жерлерде қоғамдық кеңестер, мәслихаттар, этномәдени бірлестіктер мен Достық үйлері арқылы байланыс орнату жоспарланған.
Ал Кеңес мүшесі Лугмар Буларов қоғамдық келісімнің мәніне тоқталды. Оның пікірінше, келісім дегеніміз – барлығының бірдей пікірде болуы емес. Ең бастысы – өзара құрмет танытып, ашық пікір алмасу және ортақ шешімге келе білу. Мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың нәтижесі өткізілген кездесулер санымен емес, талқылаудан туған нақты ұсыныстармен бағалануы тиіс.
Фарида Жүнісова өңірлік ұйымдарды Кеңес жұмысына тарту мәселесін көтерді. Ол жергілікті тұрғындардың талап-тілегі мен бастамалары назардан тыс қалмауы керектігін айтты. Сонымен қатар жастарды қоғамдық жұмыстарға тарту, мемлекеттік тілді дамыту, волонтерлік қозғалысты қолдау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тарихи мұраны сақтау бағыттарын атады.
Семинарда Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген мәселелер де назардан тыс қалмады. Кеңес мүшесі Наринэ Микаелян экономиканы цифрландыру, әлеуметтік саясат пен макроэкономикалық тұрақтылық мәселелеріне тоқталды. Ол Қазақстан Халық Кеңесі мемлекеттік органдардың жұмысын алмастырмайтынын, керісінше, қоғамның ұсыныстарын талқылап, сараптауға мүмкіндік беретін алаң болатынын жеткізді.
Жиында жаңа Азаматтық кодексті талқылауға қоғам өкілдерінің қатысу мүмкіндігі де сөз болды. Өңір тұрғындарының ұсыныстары заңнаманы жетілдіру кезінде ескеріліп, Құрылтай қарауына ұсынылуы мүмкін.
Кеңес мүшесі Уәлихан Болатбекұлы қоғамдық мәселелерді шешуде жүйелі жұмыс қажеттігін атап өтті. Ол қоғамдық кеңестердің құрамын жасақтау, мәслихаттармен және этномәдени бірлестіктермен байланыс орнату мәселелерін көтерді. Сондай-ақ қоғам өкілдерін проблемаларды атаумен шектелмей, олардың шешу жолдарын ұсынуға шақырды.
Басқосу барысында қоғамдық бақылаудың маңызы да айтылды. Ғалым Шойкиннің пікірінше, бақылау жұмысы жоба аяқталғаннан кейін емес, оны жоспарлау кезеңінен басталуы қажет.
Кездесу соңында Қазақстан Халық Кеңесінің арнайы цифрлық платформасын әзірлеу барысы таныстырылды. Спикерлердің айтуынша, платформа азаматтарға қоғамдық маңызы бар ұсыныстарын жолдап, олардың қаралу барысын бақылауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект көмегімен түскен бастамалар тақырыптарға қарай топтастырылып, тиісті бағыттағы Кеңес мүшелеріне жіберілмек. Қазір платформа әзірленіп жатыр.
Семинар соңында Қуаныш Мамашев қатысушылар көтерген мәселелер мен ұсыныстар өңірдегі алдағы жұмысты ұйымдастыруға негіз болатынын атап өтті.