ЖУРНАЛИСТИКАДАҒЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР
Жасанды интеллект жаңалық әзірлеуді жеңілдетіп, журналистерге жаңа мүмкіндік ашып отыр. Алайда ақпараттың рас-өтірігін анықтау мен оқырман сенімін сақтау бұрынғыдай маңызды. Осы мәселелер Астанада өткен республикалық медиафорумда көтерілді, деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
24 қазанда «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі мен «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының қолдауымен өткен жиынға журналистер, бас редакторлар, медиаменеджерлер, депутаттар және білім саласының өкілдері қатысты.
Форумды ашқан клуб президенті Бибігүл Жексенбай ақпаратты жариялауда деректің анықтығы мен кәсіби жауапкершілікке баса мән беру керектігін баса айтты. Оның сөзінше, сауатты жазылған мәтін немесе шынайы көрінетін бейне әрдайым ақиқатқа сай бола бермейді. Сондықтан редакция қызметкерлері кез-келген мәліметті тексеріп, қоғам алдындағы міндетін ұмытпауы керек.
Жиында жасанды интеллектіні редакция жұмысында қолдану тәжірибесі дк ортаға салынды. Қатысушылар мәтін жазу, анимация әзірлеу, аударма жасау, материалдарды әлеуметтік желілерге бейімдеу және авторлық құқықты сақтау мәселелерін талқылады.
«TARAZ24» және «KORDAY24» телеарналарында жасанды интеллект мүмкіндіктері бірнеше жылдан бері қолданылып келеді. Медиаменеджер Зарина Қуатова 2023 жылдан бастап арналарда ЖИ-диктор пайдаланылатынын айтып, қазір арнайы түсірілімсіз де бейнеролик әзірлеуге болатынын жеткізді. Оның пікірінше, мұндай технологиялар шығармашылық идеяларды жүзеге асыруға және материалдарды көрерменге қолайлы форматта ұсынуға мүмкіндік береді.
Ал медиатренер Айна Задабек жасанды интеллект дайындаған ақпаратты тексерудің маңызына тоқталды. Ол технология уақытты үнемдегенімен, алынған мәліметтердің дұрыстығына көз жеткізу журналистің міндеті болып қала беретінін атап өтті.
«Человек и закон» газетінің бас редакторы Марат Башимов жасанды интеллектіні пайдалануға қатысты құқықтық мәселелерді көтерді. Ол адам құқықтарын қорғау мен жаңа технологияларды заң аясында қолданудың маңызын айтты.
Форумда отандық медианың қаржылық жағдайы да талқыланды. Медиаменеджер Кемелбек Ойшыбаев жарнама нарығындағы бәсекеге бейімделу және ақпарат құралдарының табыс көздерін көбейту қажеттігіне назар аударды. Ал Jibek Joly / Silk Way телеарнасының басқарушы директоры Нағашыбек Алдан технологияны қолданғанда ақпараттың шынайылығы мен аудитория сенімі басты орында тұруы керектігін жеткізді.
Qrnews ақпараттық порталының директоры Сапарғали Қанат жасанды интеллектіні жаңалықтарды өңдеу, мәтінді қысқарту, аудионы жазбаша мәтінге айналдыру және әлеуметтік желілерге материал дайындау кезінде пайдалану жолдарын таныстырды. Сонымен бірге мұндай құралдардан алынған ақпаратты редакциялық тексеруден өткізу қажеттігі айтылды.
Басқосуда медиа мен білім беру саласының байланысы да сөз болды. «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте «Ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасының нәтижелерін таныстырды. Жоба аясында 620 мектеп қамтылып, 7 073 мұғалім оқытылған. Сондай-ақ 484 жаңа оқу кабинеті ашылған.
Форум аясында Бас редакторлар клубының басқару құрамында өзгерістер болды. Қуат Әуесбай, Айна Задабек және Сапарғали Қанат клубтың вице-президенттері болып тағайындалды. Мақпал Адамбаева атқарушы директор қызметіне бекітілді.
Жиын соңында «Бас редакторлар клубы» мен «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат екі ұйымның бірлескен жобаларды жүзеге асыруына және медиа мен білім саласындағы байланысты нығайтуына бағытталған.
Сонымен қатар отандық журналистиканың дамуына үлес қосқан мамандар марапатталды. Ардагер журналист, публицист Жанболат Аупбаевқа клубтың жоғары марапаты — «Ақпарат ардагері» медалі табысталды.
Форумда көтерілген мәселелердің негізгі өзегі — технологияны тиімді пайдалана отырып, журналистиканың басты құндылықтарын, яғни шынайы ақпарат пен қоғам алдындағы жауапкершілікті сақтау.