МӘДЕНИЕТТІ АНА – МӘДЕНИЕТТІ ҰЛТ
Жамбыл облысында қоғамдық келісім мен отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған жұмыстар талқыланды. 24 тамызда облыстық Аналар кеңесінің отырысы өтіп, кеңестің алдағы міндеттері мен жаңа бастамалары сөз болды, деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Жиынға Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілханов, облыстық және аудандық Аналар кеңестерінің төрағалары мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында республикалық Дүнгендер этномәдени орталықтары Аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузованың 70 жылдық мерейтойы аталып өтті. Қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтуға, білім беру және қоғамдық жұмыстарға ұзақ жылдар бойы үлес қосып келе жатқан Сара Манкизқызына құрмет көрсетіліп, ізгі тілектер айтылды.
Отырыста өңірдегі Аналар кеңестерінің атқарып отырған жұмыстары да сараланды. Бүгінде облыстағы 38 ҚХА Аналар кеңесі «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Анаммен бірге кітап оқимын», «Ана көрген», «Анамның әні» секілді бастамаларды жүзеге асырып келеді.
Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Балам, заңнан аттама», ал «Салауатты сана» жобасы шеңберінде вандализмнің алдын алуға бағытталған «Барыңды бағала» жобасы жүргізілуде.
Кеңес отырысының күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – облыстық Аналар кеңесінің жаңа төрағасын сайлау болды. Бұған дейін кеңес төрайымы болған Эльмира Мырзағали мемлекеттік қызметке тағайындалуына байланысты қоғамдық қызметін тоқтататыны айтылып, оның атқарған жұмысына алғыс білдірілді.
Жаңа құрам мен кеңес жұмысына қатысты ережелердің қайта қаралуына байланысты Республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаидың ұсынысымен облыстық Аналар кеңесінің төрағасы міндетін атқаруға «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаеваның кандидатурасы ұсынылды. Кеңес мүшелері бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.
Мубарак Жинақбаева жаңа қызметіндегі негізгі міндеттерге тоқталып, отбасы құндылықтарын сақтау, жастар тәрбиесіне қолдау көрсету, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту бағытындағы жұмыстарды жалғастырудың маңызын атап өтті.
Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілханов жаңа төрайымға сәттілік тілеп, Мубарак Қасымқызының отбасы институтын нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Жиын соңында қатысушылар Аналар кеңесінің алдағы жұмысына қатысты пікір алмасып, оның қызметін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын ортаға салды.