Жамбыл облысында өзбек-тәжік этномәдени орталығының 40 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Жиын облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махкам Жұманазарұлы Орифовтың бастамасымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Жамбыл облысында түрлі этнос өкілдері өзара татулықта өмір сүріп, ұлттық мәдениеті мен дәстүрін сақтап келеді. Бұл ретте этномәдени бірлестіктер қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтуға елеулі үлес қосып отыр.
Тәжік этномәдени орталығының тарихы 1986 жылдан басталады. Осы уақыт аралығында бірнеше буын өкілдері өзбек және тәжік халықтарының тілін, салт-дәстүрін, мәдениеті мен өнерін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу бағытында еңбек етті.
Мерейтойлық кездесуде орталықтың қалыптасуы мен даму кезеңдері сөз болды. Ұйым жұмысына жылдар бойы қолдау көрсетіп, этносаралық татулықты нығайтуға атсалысқан ардагерлер мен белсенді азаматтарға алғыс айтылды.
Жиынға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, қоғамдық келісім саласының мамандары және өңір тұрғындары қатысты.
Кездесуде әртүрлі мәдениет пен дәстүрдің қоғамды бөлмей, керісінше, ортақ тарихты байытып, өзара құрмет пен сенімді күшейтетіні атап өтілді.
Сонымен қатар жиынға қатысушылар алдағы 23 тамызда өтетін дауыс беру күніне қатысты пікір алмасты. Олар азаматтық жауапкершілік пен белсенділіктің маңызын атап өтіп, сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауын жасауға дайын екендерін жеткізді.
Қатысушылардың пікірінше, елдің болашағы мен тұрақты дамуы әр азаматтың жауапкершілігіне, бірлігіне және қоғам өміріне белсенді араласуына байланысты.