Жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушыларға көмек көрсетуге бағытталған республикалық «Мектепке жол» акциясы жалғасып жатыр. Осы бастама аясында Жамбыл облыстық тәжік этномәдени бірлестігі Тараз қаласындағы №4 орта мектептің оқушыларына қажетті оқу құралдары мен мектеп формасын табыстады, деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Қайырымдылық шарасы мектеп директоры Сандуғаш Алиеваның алғыс сөзімен басталды. Ол оқушыларға қолдау көрсеткен этномәдени бірлестік өкілдеріне ризашылығын білдіріп, жаңа оқу жылында білім алушыларға сәттілік тіледі.
Шара барысында Жамбыл облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махкам Орифов пен оның орынбасары Рустам Султанходжаев оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады. Олар мектептің 10 оқушысына мектеп формасы, оқу құралдары мен сөмкелерін табыстады.
Сонымен қатар бірлестік өкілдері мектеп кітапханасына облыстағы этномәдени бірлестіктердің тарихы қамтылған жинақ кітапты сыйға тартты.
Іс-шара соңында оқушылар көрсетілген қолдауға алғыстарын білдіріп, бірлестік өкілдеріне ізгі тілектерін жеткізді.