Тараз қаласының «Балауса» шағын ауданында 1300 орындық жаңа Салтанат сарайының құрылысы басталды. Көлемі 13 мың шаршы метр болатын нысанның іргетасына капсула салу рәсімі өтті, - деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Жаңа мәдениет ошағының құрылысына 18,5 млрд теңге бағытталған. Кешенге 5 гектар жер бөлінген. Мұнда үлкен көрермен залы, заманауи сахна, баспасөз орталығы, конференц-залдар мен өнер үйірмелеріне арналған орындар болады.
Салтанат сарайында концерттер, театрландырылған қойылымдар, шығармашылық кештер, сондай-ақ республикалық және халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шаралар өткізуге мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар нысан балалар мен жастардың шығармашылығын дамытуға жол ашып, өнер ұжымдарының жұмысын жандандыруға ықпал етпек. Нысанды 2028 жылдың наурыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Құрылыс басталған шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен ардагерлер кеңесінің өкілдері, зиялы қауым және мәдениет саласының мамандары қатысты.
Өңір басшысы жаңа нысанның Тараздың мәдени өмірі үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, тарихы терең шаһарда заманауи мәдени нысанның бой көтеруі қаланың рухани дамуына серпін беріп, туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бүгінде Тараздағы ең ірі концерттік зал 951 көрерменге арналған. 1980 жылы салынған ғимарат 2017 жылы жаңғыртылған. Жаңа Салтанат сарайының пайдалануға берілуі қалада мәдени іс-шараларды өткізуге қосымша мүмкіндік бермек.