Жамбыл облысында этнос жастарына еңбекке баулу және кәсіптік бағдар беру мақсатында өндірістік экскурсия ұйымдастырылды. «Адал азамат» жобасы мен Ақсақалдар кеңесінің «Кәсіп күні» бастамасы аясында өткен шараға өңірлік Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің өкілдері мен жастар қатысты, деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Қатысушылар Тараз қаласындағы «СӘУЛЕ» кондитерлік фабрикасына барып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты. Экскурсия барысында жастар өндірістік цехтарды аралап, кондитерлік өнімдердің дайындалу кезеңдерін көрді.
Фабрика мамандары кәсіпорынның қалыптасу тарихы, өндірістік мүмкіндіктері, заманауи технологиялардың қолданылуы және өнім сапасын қамтамасыз ету жұмыстары туралы айтып берді. №1 цехтың бастығы Назиме Момучева өндіріс барысын таныстырып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Шара барысында Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Абдурахман Зайнутдинов жастарға адал еңбек пен жауапкершіліктің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, қай салада болмасын еңбекке жауапкершілікпен қарау – жетістікке жетудің басты шарттарының бірі.
Ал Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Исмаил Хаджимуратов «Кәсіп күні» бастамасының жастарды еңбек адамын құрметтеуге, өндіріс орындарының жұмысымен жақынырақ танысуға және болашақ мамандығын таңдауға бағыт беретінін атап өтті.
Аналар кеңесі төрайымының орынбасары, республикалық дүнген Аналар кеңесінің төрайымы Сауле Даузова да жастарды еңбекқорлық пен жауапкершілікке тәрбиелеудің маңызына назар аударып, отбасы құндылықтарын дәріптеу қажеттігін айтты.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай танымдық кездесулер жастардың түрлі кәсіптерге қызығушылығын арттырып, мамандық таңдауға деген көзқарасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге аға буын мен жас ұрпақ арасындағы сабақтастықты нығайтып, еңбекке деген құрметті арттыруға ықпал етеді.