Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің кеңес отырысы өтті. Басқосуда ұйымның атқарған жұмыстарының аралық қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңге арналған міндеттер талқыланды, деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Достық үйінде өткен жиынды бірлестік төрайымы Мухабат Абдырахманқызы Турдыева жүргізді. Ол ұлттық бірлікті нығайту, салт-дәстүрді сақтау және жастар тәрбиесіне көңіл бөлудің маңызын атап өтті.
Отырыста дәстүрлі машраптарды өткізу, Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің жұмысы, сондай-ақ жастарды қоғамдық әрі мәдени өмірге тарту мәселелері қаралды.
Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Турсынмагомед Касимов пен оның орынбасары Турсын Тудахунов атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Олар ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ұрпақтар сабақтастығын нығайту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Аналар кеңесінің төрайымы Хайриниса Ахметова отбасы құндылықтарын нығайту, ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған бастамалар туралы ақпарат берді.
Ал жастармен жұмыс жөніндегі атқарушы директор Хамида Турдыева жастарды қоғамдық, мәдени және шығармашылық жұмыстарға тартуға бағытталған жобаларға тоқталды.
Жиын соңында қатысушылар бірлестіктің алдағы қызметіне қатысты ұсыныстарын айтып, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Кеңес отырысында ұлттық мәдени мұраны сақтау, қоғамдық келісімді нығайту және жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру бағытындағы жұмысты жалғастыру қажеттігі атап өтілді.