ТАТУЛЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУЛЕР
Жамбыл облысында «Елтану» ағартушылық жобасы аясындағы ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жалғасып жатыр. 27 тамызда Т. Рысқұлов ауданының Ақыртөбе, Д. Қонаев және Құлан ауылдарында тұрғындармен кездесулер өтіп, әлеуметтік зерттеу жүргізілді, деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Жиындардың негізгі мақсаты – ел бірлігін нығайту және жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру.
Кездесулерге арнайы келген ақпараттық-түсіндіру тобының құрамында Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан мен «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева болды. Жиындарға аудан әкімінің орынбасары Бақкелді Тұрсынбек пен аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Нұрлан Көпбаев модераторлық етті.
Асқарбек Сейілхан кездесулер барысында «тұлғатану» бағытына тоқталып, өңірден шыққан, елге еңбегі сіңген тарихи тұлғалардың өмір жолын жас ұрпаққа үлгі етудің маңызына назар аударды.
Ал Мубарак Жинақбаева тұрғындарға «Елтану» жобасының мақсаты мен міндеттерін түсіндірді. Оның айтуынша, жоба ел бірлігін нығайтып, азаматтардың тарихи, рухани және танымдық құндылықтарға қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Кездесулерде заң мен тәртіп мәселесі де қозғалды. Аудан прокуратурасының прокуроры Альбина Сағымбаева тұрғындарға заң талаптарын түсіндірсе, аудандық полиция бөлімінің қызметкері Нартай Боранқұлов қылмыстық құқықбұзушылықтарға қатысты статистикалық мәліметтерді таныстырды. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары сөз болды.
Құлан ауылында этномәдени бірлестіктердің, Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің өкілдерімен бөлек кездесу ұйымдастырылды. Онда отбасылық құндылықтарды сақтау, ұрпақ тәрбиесі, соның ішінде ене мен келін арасындағы қарым-қатынасты дұрыс қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарымен кездесулерде жастар арасында өзекті болып отырған сталкинг мәселесіне де назар аударылды. Қатысушыларға адамның жеке шекарасын құрметтеу, өзгенің еркіндігіне қол сұқпау және мазалау мен қудалауға жол бермеу қажеттігі түсіндірілді.
Кездесулермен қатар елді мекендердегі әлеуметтік ахуалды зерделеуге бағытталған зерттеу жұмыстары жүргізілді. «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми-сараптамалық бөлімінің жетекші-сарапшысы Заман Исмаилова тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстарын, сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылыққа қатысты көзқарастарын анықтады.
Жүздесулер соңында ауыл тұрғындары өз ұсыныстары мен тілектерін айтып, ұйымдастырушылармен пікір алмасты.