Құрылтай ұлттық бірлікті нығайтуға жол ашады
Ұлттық бірлік – ел тұрақтылығы мен мемлекеттің дамуына негіз болатын басты құндылықтардың бірі. Қоғамдағы татулық азаматтардың ортақ құндылықтарды құрметтеп, ел тағдырына жауапкершілікпен қарауынан басталады, - деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Қазақстан қоғамы құрамы мен өмірлік тәжірибесі жағынан әркелкі. Алайда бірлік дегеніміз – барша азаматтың бір ойда болуы емес. Маңыздысы – түрлі пікір мен көзқарасқа қарамастан, елдің ортақ мүддесі мен ұлттық құндылықтар төңірегінде топтаса білу.
Бейбітшілік, тұрақтылық, тәуелсіздік, елдің тұтастығы мен ұрпақтың болашағы – қоғамды біріктіретін ортақ мұраттар. Оларды сақтау үшін ашық пікір алмасу мен өзара түсіністіктің орны ерекше.
Қоғамдық келісім пікір қайшылығын жою деген сөз емес. Керісінше, әр адамның көзқарасын тыңдап, өзара құрметпен сөйлесіп, ортақ шешімге келе білу маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай түрлі пікірді ортаға салып, қоғам үшін маңызды мәселелерді талқылайтын алаң ретінде айрықша мәнге ие.
Құрылтай отырыстарында қоғамның әр саласының өкілдері бас қосып, елдегі өзекті мәселелер жөнінде пікір білдіруге және азаматтардың ұсыныстарын ортақ талқылауға шығаруға мүмкіндік алады. Әсіресе қоғамда өзгерістер жүріп жатқан кезеңде мұндай ашық пікір алмасудың маңызы арта түседі.
Өйткені уақыт өткен сайын халықтың сұранысы да өзгереді. Жаңа мәселелер пайда болған кезде оларды дер кезінде талқылап, азаматтардың пікіріне құлақ асу қоғамдағы өзара түсіністікті күшейтеді.
Ұлттық бірлік бір күнде қалыптаспайды. Ол күнделікті өмірдегі сыйластықтан, жауапкершіліктен және ортақ мақсатқа деген сенімнен құралады. Бұл іске отбасы, білім беру ортасы, еңбек ұжымы мен қоғамдық бастамалардың барлығы өз үлесін қосады.
Бұл ретте жастардың белсенділігі де маңызды. Жас буынның тың идеялары мен бастамалары қоғамға жаңа серпін берсе, аға буынның тәжірибесі сол жұмыстардың жалғасын табуына ықпал етеді. Ұрпақтар арасында түсіністік пен сабақтастық қалыптасқан сайын ел бірлігінің де іргесі беки түседі.
Сондықтан Құрылтайды қоғамдағы маңызды мәселелер талқыланатын орын ғана емес, түрлі көзқарас пен әр буын өкілдерін ортақ құндылықтар айналасына біріктіретін диалог алаңы ретінде бағалауға болады.
Ұлттық бірлік – бәрінің бірдей болуы емес. Ең бастысы – әртүрлі бола отырып, ортақ елдің болашағы үшін бір бағытта әрекет ету.
Ұлпан Бұхарбаева, журналист