Астана сотында Ұлдана Мырзуанның қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Сот процесінде марқұмның анасы Сәлима Ешанқұлова күйеу баласы Әділет Зейнелдің өзіне артқан сенімді ақтамағанын айтып, барлығы сот барысында шешілуі керек екенін жеткізді, - деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Сәлима Ешанқұлованың айтуынша, ол ешкімге жаза сұрап, айып таққысы келмейді. Анасының бар тілегі – істің әділ шешілуі.
«Әділдік орнаса деймін. Ешкімге жаза сұрап, айып таққым да келмейді. Әділетпен сөйлескен жоқпын. Оның «жәбірленуші» статусынан бас тартатынын журналистерден естіп отырмын. Ол басында «басынан аяғына дейін қиянат жасамаймын» деп уәде берген. Сенімімді ақтамады», – деді Сәлима Ешанқұлова.
Марқұмның анасы сот басталар кезде Әділет Зейнелдің Ұлдананың туыстарымен сөйлеспегенін де айтты. Оның сөзінше, күйеу баласы туыстарымен бөтен адамдай болған.
Бұған дейін Әділет Зейнелдің адвокаты оның «жәбірленуші» мәртебесінен бас тартқаны туралы мәлімдеген болатын.