Тоқаев: Қырғыз халқы қазақ халқы үшін бауырлас ел
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми Консультативтік кездесуіне қатысу үшін Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласына барды. Мемлекет басшысын әуежайда Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Қасымалиев қарсы алды, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және бейресми кездесуді өткізу бастамасы үшін алғыс білдірді.
Президент өз сөзінде қазақ пен қырғыз халықтарының арасындағы тарихи байланысқа тоқталды. Оның айтуынша, екі ел арасындағы достық, сенім, өзара қолдау мен бауырластық қарым-қатынас – ата-бабадан қалған құндылық.
«Қырғыз халқы – қазақ халқы үшін бауырлас ел. Біз бәріміз – бір туған ағайын халықпыз. Қырғызстанның дамуына, қол жеткізіп жатқан жетістіктеріне шын жүректен қуанамыз. Елдің өсіп-өркендеуі Орталық Азиядағы тұрақтылық пен тұрақты дамудың маңызды кепілі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы кездесу аймақтағы өзекті мәселелерді талқылауға және алдағы ынтымақтастық бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Президент Орталық Азия елдері арасындағы байланыстың нығаюы халықтардың игілігі мен өңірдің дамуына бағытталғанын айтты. Сондай-ақ «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа» қол қою рәсімдерінің аяқталуын маңызды жетістік ретінде бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары Орталық Азияның халықаралық аренадағы рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Бұған Қырғызстанның 2027–2028 жылдарға Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы мысал екенін айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұған дейін Ташкентте өткен кездесуде көтерілген бастамаларды жүзеге асыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігін жеткізді.
Қазақстан Президенті елдер арасындағы достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдайтынын айтып, ортақ күш-жігер арқылы өңірдің жаңа жетістіктерге жететініне сенім білдірді.