Сербия астанасы Белградта Қазақстан азаматының қаза болғаны расталды. Қайғылы оқиғаға қатысты ақпаратты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі растады, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Марқұмның әкесі әлеуметтік желідегі парақшасында қызының жұмбақ жағдайда көз жұмғанын айтып, оқиғаға куә болған немесе қандай да бір мәлімет білетін азаматтардан көмек сұрады. Оның сөзінше, қызы көпқабатты тұрғын үйдің алтыншы қабатынан құлаған болуы мүмкін.
Сондай-ақ әкесі қызының өліміне екі әйел мен бір ер адамның қатысы болуы ықтимал деген күдігін жеткізді. Оның айтуынша, қайғылы жағдайға дейін қызы еркінен тыс ұсталған болуы мүмкін.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Сербиядағы Қазақстан елшілігі жергілікті құқық қорғау органдарымен бірлесіп оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатқанын мәлімдеді.
«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Сербияда қаза тапқан отандасымыздың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қазақстандық дипломаттар марқұмның жақындарымен тұрақты байланыста болып, қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Бұл мәселе министрліктің ерекше бақылауында», – делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі уақытта қылмыстық істің барлық мән-жайын Сербияның құзырлы органдары анықтап жатыр. Қазақстан тарапы тергеу барысын бақылауда ұстап отыр.