Жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен қазақстандық Екатерина Шилованың мәйіті Польшадан табылды. Қайғылы хабарды марқұмның әпкесі жеткізді, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Әпкесінің айтуынша, қазір күдікті ұсталғаны расталғанымен, тергеу мәліметтері жарияланбайды. Отбасы Екатеринаны Қазақстанға қайтарып, жерлеу рәсімін өткізу үшін қаражат жинап жатыр.
Екатерина екі жыл бұрын Талдықорғандағы жұмыс агенттігі арқылы Польшаға кеткен. Ол Варшавада кір жуушы болып жұмыс істеп, соңғы алты айда Украинадан келген отбасының үйінде тұрып келген.
Қазақстанға оралуға дайындалып жүрген әйел әпкесіне 18 ақпанда оны әуежайға үй иесінің күйеуі апаратынын айтқан. Сол күні кешке соңғы хабарламасында ұшар алдында дүкенге барып, жүк салмағын реттеп тұрғанын жазған. Осыдан кейін байланысқа шықпаған.
Бұған қоса, жоғалған күні Екатерина тапқан қаражатын Қазақстанға алып кетуді жоспарлағаны белгілі болды.