Қазақстанда алдағы күндері аптап ыстық күшейеді. Осыған байланысты мамандар тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында сыртқа көп шықпауға кеңес беріп отыр, -деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
«Қазгидрометтің» болжамына сәйкес, жақын күндері елдің орталық, солтүстік және батыс өңірлерінде ауа температурасы +40 градусқа дейін көтеріледі. Ал оңтүстік аймақтардың кей жерлерінде сынап бағанасы +45 градусқа жетуі мүмкін.
Синоптиктердің мәліметінше, атмосфералық фронттардың әсерінен республиканың бірқатар өңірінде ауа райы құбылмалы болады. Кей жерлерде найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жауады. Батыс облыстарда бұршақ түсіп, дауылды жел тұруы ықтимал.
Ал шығыс, оңтүстік, оңтүстік-батыс және орталық өңірлерде негізінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Дегенмен жекелеген аймақтарда жаңбыр жауғанымен, аптап ыстықтың беті қайтпайды.
«Қазгидрометтің» баспасөз хатшысы Аружан Мұратованың айтуынша, Қазақстанға Иран аумағынан ыстық әрі құрғақ ауа массалары келіп жатыр. Соның әсерінен еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық қалыптан жоғары болып, алдағы күндері тағы да көтеріледі.