Шымкентте қарбыз алқабының арасына есірткі өсіріп, оны сатуға дайындаған тұрғын ұсталды, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Ішкі істер министрлігі өткізіп жатқан «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында каннабис тобына жататын есірткіні заңсыз дайындаудың тағы бір дерегі әшкереленді.
Тергеу мәліметінше, күдікті өз үйінің ауласында «гашиш» пен «марихуана» дайындауға арналған құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсірген. Тінту кезінде қарбыз егілген жердің арасына жасырылған 130-ға жуық түп есірткі өсімдігі табылды. Бұдан бөлек, шаруашылық құрылыстарынан 330 келіден астам есірткі шикізаты және сатуға дайындалған буылған өнім тәркіленді.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікеновтің айтуынша, аталған дерек бойынша есірткіні өткізу мақсатында заңсыз сақтау және құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсіру баптарымен қылмыстық іс қозғалды.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында қылмыстың барлық мән-жайы, есірткіні өткізу жолдары және заңсыз әрекетке қатысы болуы мүмкін өзге тұлғалар анықталуда.