Қазақстан Ішкі істер министрлігі Украина Ұлттық полициясымен бірлесіп Одесса қаласында қазақстандықтар мен өзге ел азаматтарын алдап келген ұйымдасқан алаяқтық call-орталықтың жұмысын тоқтатты, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Құзырлы органдардың мәліметінше, қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы интернет арқылы жүйелі түрде алаяқтық әрекеттер жасап келген.
Алдын ала дерек бойынша, 120-дан астам азамат алаяқтардың құрбаны болған. Жалпы келтірілген материалдық шығын 85 миллион теңгеден асқан. Бұл туралы Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай мәлімдеді.
Алаяқтар өздерін банк қызметкерлері, байланыс операторлары, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының өкілдері ретінде таныстырып, азаматтарды түрлі қауіпті қосымшаларды орнатуға көндіріп отырған.
Жәбірленушілердің смартфондарына қол жеткізгеннен кейін күдіктілер олардың жеке деректері мен ақша қаражатын иемденіп келген.
Халықаралық операция барысында сегіз тінту жүргізіліп, екі қымбат автокөлік, 26 компьютер, 49 мобильді құрылғы, сондай-ақ психологиялық ықпал етуге арналған материалдар мен Қазақстанның символикасы тәркіленді.
Оқиғаға қатысты тоғыз Украина азаматы күдікті деп танылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір олардың өзге де қылмыстық эпизодтарға қатысы тексеріліп жатыр.
Қазақстан Ішкі істер министрлігі азаматтарға банк қызметкерлері мен құқық қорғау органдары ешқашан «қауіпсіз шоттарға» ақша аударуды талап етпейтінін және бөгде қосымшаларды орнатуды сұрамайтынын ескертті.