Астана қаласында мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие алып беремін деп уәде еткен алаяқтың әрекеті әшкереленді. Тергеу барысында, күдіктінің азаматтардың сеніміне кіріп, банк арқылы тиімді шартпен несие рәсімдеп беретінін айтып, ақшалай қаражат алғаны анықталған.
Сондай-ақ, ол құжат дайындау, банк қызметкерлерімен «келісу», кепілдік рәсімдеу сынды түрлі сылтауларды алға тартып, жәбірленушілерден ірі көлемде ақша жинаған. Осылайша ондаған адамды сан соқтырған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, алаяқтың әрекетінен келген материалдық шығын 7 миллион теңгеден асады. Қазіргі таңда 50-ге жуық алаяқтық фактісі тіркеліп, олардың барлығы бір күдіктімен байланысты екені анықталған.
Қазір күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар оның осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Тергеу барысында жәбірленушілер санының артуы мүмкін.
Полиция тұрғындарды мемлекеттік және қаржылық бағдарламаларға қатысу кезінде барынша сақ болуға шақырады. Несие рәсімдеу мәселесінде тек ресми банктер мен уәкілетті ұйымдарға жүгінуге кеңес береді. Ал бейтаныс адамдарға немесе делдалдарға ақша беру алаяқтық тәуекелін арттыратынын ескертеді.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде болған азамат ұсталған еді. Оның тұрғындарға келтірген шығыны 80 миллион теңгеден асқан.