Мұхтар Әуезовтің тоғызқұмалақ ойнап отырған сирек фотосы табылды
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің тоғызқұмалақ ойнап отырған сәті бейнеленген сирек фотосурет табылды. Осы уақытқа дейін көпшілікке белгісіз болып келген тарихи кадрда қаламгердің ұлттық зияткерлік ойынға ден қойған сәті анық көрінеді, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Құнды фотосурет қазақ руханияты мен ұлттық мұраның өзара сабақтастығын айқындай түседі. Суреттен Мұхтар Омарханұлының халқымыздың дәстүрлі мәдениеті мен ұлттық ойындарына айрықша мән бергенін аңғаруға болады.
Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменовтің айтуынша, фотосурет 1950 жылы түсірілген. Қазір мамандар суреттің түпнұсқасы мен нақты қай жерде түсірілгенін анықтау бағытында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Оның сөзінше, бұл жаңалық тоғызқұмалақ әлемі үшін ғана емес, әуезовтану саласы мен ұлттық руханият тарихын зерттеушілер үшін де маңызды дерек саналады. Бұған дейін Мұхтар Әуезовтің тоғызқұмалақты қайта жаңғыртуға атсалысқаны архивтік құжаттар арқылы белгілі болғанымен, нақты фотодәлел кездеспеген.
Әлихан Байменов кеңестік кезеңде ұлттық мұраның ұмыт қала бастаған тұсында Мұхтар Әуезов пен Қалибек Қуанышбаев тоғызқұмалақ ойынын сақтап қалуға күш салып, ережелерін жүйелеп, жарыстар ұйымдастыруға мұрындық болғанын айтты.
Фотосуретте Мұхтар Әуезовпен бірге оның қарсыласы, сондай-ақ ойын барысын бақылап тұрған адам бейнеленген. Кадрда тоғызқұмалақ тақтасы анық көрінеді. Суреттің төменгі тұсына “1950 жыл” деп белгі қойылған.
Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті бұл тарихи суретті “Алматыкітап” баспасының қызметкерлері тауып, кейін Қазақстан Тоғызқұмалақ спорты федерациясының вице-президенті, Binom мектептер желісінің басшысы Шолпан Қадыроваға хабарлағанын жеткізді. Оның айтуынша, фотосурет федерация қолына бірнеше күн бұрын ғана тиген.
Қазір Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда тоғызқұмалақ ардагерлері арасында республикалық турнир өтіп жатыр. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған ардагерлер мен сала өкілдерінің қатысуымен өткен ашылу салтанатында бұл фотосурет белгілі спорт журналисі, Тәуелсіз Қазақстан Тоғызқұмалақ спорты федерациясының тұңғыш президенті Несіп Жүнісбайұлына естелік ретінде табысталды.
Тоғызқұмалақ — қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан зияткерлік мұрасы. Ал Мұхтар Әуезовтің осы ойынды ойнап отырған сәтінің табылуы ұлттық тарих пен руханият үшін айрықша жаңалық ретінде бағаланып отыр.