ТАРИХТЫ ҚАЙТА ТІРІЛТКЕН АҚЫН
19 сәуірде қазақтың айбар ақыны, жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шаханов өмірден озды. Оның өмірі мен қызметі тек әдебиетпен ғана шектелмейді, ол - қазақ қоғамының саяси санасына үлкен әсер еткен тұлға. Dala Media ақынның шығармашылығы мен саяси жолына қысқаша шолу ұсынылады.
*Шаханов шығармашылығы *
Мұхтар Шаханов 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. «Оңтүстік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде жұмыс істеді, «Жалын» журналының бас редакторы болды. Алғашқы өлең жинағы 24 жасында жарық көрген.
Оның туындылары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Әсіресе, Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты эссе-кітабы адамзаттық құндылықтарды қозғайтын бірегей еңбек болып саналады. Отансүйгіштік, руханият, «Отырар» трагедиясы арқылы ұлттық кодты сақтау және махаббат лирикасын дәріптеді.
Ал «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) атты романдары ЮНЕСКО шеңберінде қаралды.
Желтоқсан оқиғасы және саяси батылдық
Шахановтың саяси келбеті 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін ерекше айқындалды. Ол - осы оқиғаның шындығын ашу үшін басын бәйгеге тіккен санаулы тұлғаның бірі.
Ұзақ уақыт Желтоқсанды “нашақорлар мен бұзақылардың әрекеті” сияқты танып келген. 1989 жылы Мәскеуде сөз сөйлеген Шаханов бұл тарихи қателікті түзеді.
Ол КСРО халық депутаттарының съезінде Желтоқсан оқиғасына әділ баға беруді талап етіп, арнайы комиссияны басқарды. Оның бұл әрекеті сол кездегі тоталитарлық жүйеге қарсы жасалған үлкен ерлік болды. Кремль мінберінен Қазақстандағы демократиялық қозғалыстарды қорғап, жазықсыз жазаланған жастардың ақталуына тікелей ықпал етті.
Наурызды қайта тіріліп, Аралға назар аудартқан
Шаханов есімі қазақ тарихында екі ірі бастамамен тығыз байланысты. Ақын Арал теңізінің тартылуын жай ғана табиғи апат емес, адамгершілік пен руханияттың дағдарысы деп бағалады. 1987 жылы оның тікелей мұрындық болуымен Балқаш пен Аралды құтқару жөніндегі қоғамдық комитет құрылды.
Шаханов өзінің «Арал және біздің адамгершілігіміз» атты мақаласында теңіз түбінен көтерілген тұз бен шаңның зиянын ғылыми негізде дәлелдеп, бұл трагедияны «планеталық қасірет» деп атады. Ол «Арал қасіреті» өлеңі арқылы халқының төзімі мен теңіздің сүлдері қалған мүшкіл халін жырлап, әлем назарын аударды.
Кеңес өкіметі «ескінің сарқыншағы» деп тыйым салған Наурыз мерекесінің қайта жаңғыруы - Шахановтың саяси батылдығының жемісі. 1988 жылы ақын сол кездегі билік жетекшісі Г. Колбинге хат жазып, мерекені тірілту арқылы халықтың сеніміне ие болуға болатынын түсіндірді. Бұл ұсыныс Өзбекәлі Жәнібеков сынды зиялылар тарапынан үлкен қолдау тапты.
1988 жылы Алматыда алғаш рет тойланған Наурыз мерекесі кейіннен бүкіл Орталық Азия мен түркі әлеміне мемлекеттік деңгейде тарады. Бұл оқиға қазақ қоғамының рухани бостандыққа жасаған алғашқы ірі қадамдарының бірі болды.
Мұхтар Шаханов «Шындық» пен «Әділдіктің» символына айналды. Оның саясаттағы ұстанымы көбіне эмоционалды болғанымен, ол әрдайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік ақын» атағын алуы оның халықаралық деңгейдегі биік беделін көрсетеді.