Берлинде Қазақстан азаматы Ресейдің арнайы қызметіне тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталды,-деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы. Euronews.com басылымына сілтеме жасап.
Германияның Федералдық прокуратурасының дерегінше, Сергей К. кемінде 2025 жылдың мамыр айынан бері Ресейдің барлау қызметімен тұрақты байланыста болған.
Тергеу мәліметінде оның Германия аумағында жүріп, құпия сипаттағы ақпараттарды беріп отырғаны айтылады. Атап айтқанда, күдікті Германияның Украинаға көрсетіп отырған әскери көмегі мен қорғаныс саласына қатысты деректерді жеткізген. Сондай-ақ дрондар мен роботтар құрастыратын компаниялар туралы мәліметтермен бөліскені көрсетілген.
Бұдан бөлек, Сергей К. Берлин қаласындағы қоғамдық орындар мен автобандарда жүрген әскери колонналарды суретке түсіріп, оларды жіберіп отырғаны айтылады. Олардың қатарында Германия аумағы арқылы өткен НАТО елдерінің әскери техникалары да бар.
Прокуратура күдіктіні тек ақпарат жинаумен шектелмей, ықтимал диверсиялық нысандарды анықтауға және мұндай әрекеттерге өзге адамдарды тартуға әрекет жасады деп те айыптап отыр.
Қазір ол тергеу судьясының алдына жеткізіліп, бұлтартпау шарасы қаралып жатыр