АҚШ-та Федералдық қор жүйесінің төрағасы Джером Пауэлге қатысты қылмыстық тергеу жүріп жатыр. New York Times пен BBC мәліметінше, тексеріс ФҚЖ-ның Вашингтондағы штаб-пәтерін жөндеу жұмыстарына байланысты басталған.
Колумбия округінің прокуратурасы ғимаратты жаңғыртуға жұмсалған қаржы мен жария мәлімдемелерді сараптауда. Тергеуді өткен жылдың қараша айында федералдық прокурор қызметін атқарған Жанин Пирро мақұлдаған.
Джером Пауэлл Трамп әкімшілігі оны Конгресте берген түсініктемелеріне байланысты қылмыстық жауапкершілікпен қорқытқанын айтса, Дональд Трамп ФҚЖ төрағасын пайыздық мөлшерлемені төмендетуден бас тартқаны және 2,5 млрд долларлық жөндеу жобасы үшін сынға алған.
ФҚЖ ғимараттарын жаңарту 2022 жылы басталып, 2027 жылы аяқталуы тиіс. NYT дерегінше, жоба құны бастапқы бюджеттен шамамен 700 млн долларға асып кеткен. Тергеу жалғасып жатыр.