Бельгияда «Кітап оқитын ұлт» жобасы таныстырылды
Бельгияның Монс университетінде жастарды кітап оқуға баулып, білім мен мәдениетке қызығушылығын арттыруға бағытталған қазақстандық «Кітап оқитын ұлт» жобасының таныстырылымы өтті, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
21 қыркүйекте өткен кездесуге университет оқытушылары, бакалавриат, магистратура және докторантурада білім алып жатқан 40-тан астам студент қатысты. Жиынға Экономика және менеджмент факультетінің деканы, қазан айынан бастап тұрақты даму және қоғамдық өмір мәселелері жөніндегі проректор қызметіне кірісетін Шанталь Скубо да қатысты.
Кездесу барысында республикалық кітап оқу марафонының мақсаты түсіндіріліп, жобаға байқаудан тыс қатысуға мүмкіндік беретін жаңа «Parasat» бағыты таныстырылды.
Бұған дейін Қазақстанда болған Монс университетінің студенті Жад Шарпантье бастаманың жастар үшін маңызын атап өтті. Оның айтуынша, кітап оқу адамның ой-өрісін кеңейтіп, жаңа идеялар мен мәдениеттерді тануға, әлемге өзгеше көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Шараның екінші бөлігінде Қазақстанның қазіргі тынысы, ұлттық дәстүрлері мен қазақ тілі таныстырылды. Монс қаласында тұратын Айгерім Аққұлова мен Айнұр Касенова қазақтың салт-дәстүрлері және олардың қоғамдағы орны туралы әңгімеледі.
Университеттің ауызша және жазбаша аударма факультетінде білім алатын студенттер қазақ тіліне ерекше қызығушылық танытты. Интерактивті сабақ кезінде олар күнделікті қолданылатын сөздер мен тіркестерді үйреніп, қазақ тілінде алғашқы сөйлемдерін айтты. Сонымен қатар студенттер тілді әрі қарай меңгеруге және факультетте қазақ тілі курсын ашуға қызығушылық білдірді.
Кездесудің тағы бір есте қаларлық сәті — бельгиялық студенттер Анжелика мен Ксавьенің домбырамен қазақтың екі күйін орындауы болды. Олар бұған дейін Алматыда алты ай тағылымдамадан өтіп, Қазақстанның мәдениеті мен тұрмысымен танысқан. Сол кезде домбыра үйрене бастаған.
Монс университетіндегі таныстырылым қазақстандық жобаның халықаралық аудиториясын кеңейтіп, бельгиялық жастарға Қазақстанды кітап, тіл және музыка арқылы тануға мүмкіндік берді.