Тараз қаласында мектептегі төбелес кезінде 10 сынып оқушысының ауыр жарақат алуына себеп болған жасөспірімге сот үкімі шықты. Сот отырысы жабық режимде өтті, деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Сот мәліметінше, сотталушы мектептің киім ауыстыратын бөлмесінде оқушыны соққыға жыққан. Салдарынан жәбірленуші ауыр жарақат алып, бір көзінің көру қабілетінен толық айырылған.
Оқиға сәуір айының ортасында Тараз қаласындағы гимназиялардың бірінде болған. Тергеу мен сот процесі жеті айға созылды. Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыны кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Жәбірленуші осы уақытқа дейін жеті рет ота жасатқан. Қазіргі уақытта оның екінші көзінің де көру қабілеті нашарлап бара жатқаны хабарланды.
Жәбірленушінің анасы сот шешіміне апелляциялық шағым түсіріп, оқиғаға қатысы бар өзге адамдарды да жауапқа тартуды талап етпек. Оның айтуынша, ұлына бірнеше адам жабылып күш көрсеткен.
Дереккөз: Egemen Qazaqstan