«Аватар» фильміндегі Нейтири рөлі арқылы танылған Зои Салдана кино тарихындағы ең көп табыс жинаған актриса ретінде көш бастады. Бұл көрсеткішке оның «Аватар: От пен күл» фильмінің жоғары табысы тікелей әсер еткен.
2025 жылғы 13 қаңтарына дейін тіркелген деректерге сүйенсек, Салдана қатысқан фильмдердің жиынтық кассалық түсімі 15,46 млрд долларға жеткен. Осылайша ол Скарлетт Йоханссон, Сэмюэл Л. Джексон, Роберт Дауни-кіші сынды Голливуд жұлдыздарын артта қалдырды.
Айта кетейік, актриса мансабында бірқатар коммерциялық табысты жобаларда басты рөлдерді сомдады. Олардың қатарында «Аватар» (2009), «Аватар: Су жолы» (2022) және Marvel киновселенасындағы Гамора бейнесі бар. Аталған жобалардың арқасында Зои Салдана әлемдік прокатта 2 млрд доллардан астам табыс тапқан төрт фильмде бірдей ойнаған алғашқы актриса атанды.
«Аватар» франшизасының үшінші бөлімі жарық көргеннен кейін Салдана қатысқан фильмдердің жалпы табысы 15 млрд доллар межесінен асып, оны барлық актерлер мен актрисалар арасында бірінші орынға шығарды.
Актриса әлеуметтік желідегі парақшасында бұл жетістікке үлес қосқан жанкүйерлеріне, әріптестеріне және режиссерлерге алғысын білдірді. Ол табысты жолдың артында үлкен команданың еңбегі тұрғанын атап өтті. Сондай-ақ «Аватар» жобасындағы режиссер Джеймс Кэмеронның рөліне ерекше тоқталып, болашақта бұл рекордты тағы бір әйел актриса жаңарта алатынына сенім білдірді.
Айта кетейік, 2025 жыл Зои Салдана үшін айрықша табысты кезең болды. Ол «Эмилия Перес» фильмі үшін екінші пландағы үздік әйел рөлі номинациясында «Оскар» сыйлығын иеленген еді.