Германия, Швеция және Норвегия Гренландияға барлау миссиясы үшін әскер жібермек. Бұл қадам АҚШ-тың Арктикадағы аралға қатысты талаптары қайта күшейген тұста қолға алынып отыр. Миссия 15- 17 қаңтар аралығында өтеді.
Германия Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, миссия Данияның бастамасымен ұйымдастырылған. Негізгі мақсат - өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдарын, соның ішінде теңіз кеңістігін бақылау мүмкіндіктерін зерделеу.
Ведомство өкілдері барлау сапары Данияға әскери тұрғыда қандай қолдау көрсетуге болатынын анықтауға бағытталғанын атап өтті. Миссия аясында Германиядан 13 әскери қызметкер барады. Норвегия екі сарбаз жібереді, бұл туралы елдің қорғаныс министрі Торе Сандвик хабарлады. Ал Швеция Гренландияға бірнеше офицер аттандырады. Бұл жөнінде премьер-министр Ульф Кристерссон мәлімдеді.
Bild басылымының жазуынша, операцияны Дания тарапы үйлестіріп отыр. Сонымен қатар миссияның АҚШ-пен алдын ала келісілмей жүзеге асырылып жатқаны айтылып отыр. Бұл Вашингтонның Гренландияға қатысты аумақтық талаптарын қайта көтеруімен тұспа-тұс келді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландия премьер-министрі Йенс-Фредерик Нильсеннің аралдың Дания құрамында қалуы тиіс деген мәлімдемесіне қатысты пікір білдіріп, оның бұл ұстанымы өзіне үлкен мәселе тудыруы мүмкін екенін меңзеген.
Айта кетейік, бұған дейін Дания парламентінің депутаты Копенгаген тіпті ядролық қауіп төнген жағдайда да Гренландиядан бас тартпайтынын ашық айтқан болатын.