Қазақстан құрамасының және лондондық «Челси» клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаев жыл соңына дейін алматылық «Қайрат» сапында жалға ойнауы мүмкін. Қазақстандық футболшыны еурокубокта өнер көрсетіп жатқан алматылық клубқа уақытша беру мүмкіндігі қарастырылып жатыр, -деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
«Азия-Спорт» арнасының мәліметінше, Сәтпаевтың «Қайратқа» қосылу мүмкіндігі клубтың еурокубоктағы нәтижесіне тікелей байланысты. Егер алматылық команда «Левски» клубынан өтіп, кемінде Еуропа лигасының негізгі кезеңіне жолдама алса, шабуылшыны жыл соңына дейін жалға алу ықтималдығы арта түседі.
Бүгін, 12 тамызда Дастан Сәтпаев 18 жасқа толды. Осыған байланысты ол «Челсидің» толыққанды ойыншысы мәртебесіне ие болды. Қазір футболшы лондондық клубтың маусым алдындағы дайындығына қатысып жатыр.
Сонымен бірге Сәтпаевтың Англияның «Халл Сити» немесе Францияның «Страсбург» клубтарының біріне ауысуы мүмкін деген ақпарат тарады.
Осылайша, жас шабуылшының алдағы маусымдағы нақты командасы әзірге белгісіз. Қазіргі таңда оның «Қайрат» сапында қысқа мерзімге өнер көрсету мүмкіндігі қарастырылып отыр.