«Референдум – 2026» онлайн марафоны: инклюзивті қоғам мен бала тәрбиесі тақырыптары кеңінен талқыланды
Республикалық референдум аясында ұйымдастырылған «Референдум – 2026» онлайн марафоны жалғасуда, – деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы. Шара сағат 09:00-де басталып, түнгі 01:00-ге дейін өтеді. Алғашқы үш сағат ішінде қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланып, инновациялық жобалар таныстырылды.
Медиа кеңістікте онлайн марафон алғаш рет журналистер мен робот-жүргізуші бірлесіп ресми түрде ашты.
Ток-шоу алаңында «Инклюзивті қоғам» және «Бала тәрбиесі: дәстүр мен заманауи әдістің үйлесімі» тақырыптары қаралды. «Инклюзивті қоғам» дискуссиясында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға тең мүмкіндік жасау, қолжетімді орта қалыптастыру және қоғамдағы өзара құрмет мәдениетін дамыту мәселелері көтерілді. Сарапшылар инклюзияның білім беру, еңбек нарығы және қоғамдық кеңістік салаларындағы рөлін атап өтті.
«Бала тәрбиесі» тақырыбында қазіргі тәрбие тәсілдері, ұлттық құндылықтар мен заманауи психологияның үйлесімі, ата-аналардың жауапкершілігі талқыланды. Отбасылық психолог Ержан Мырзабаев:
«Қазақта әр дәстүрдің озығы бар, тозығы бар деп айтады. Кей дәстүрлер бір заманда өзекті болса, басқа уақытта өзектілігін жоғалтуы мүмкін. Сондықтан дәстүр мен заман талабын ұштастыру маңызды» – деп атап өтті.
Инновация алаңында отандық өнертапқыштардың ерекше жобалары көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтқанда, ДЦП диагнозы бар адамдарға арналған жаңа арба таныстырылды. Автор Мәулен Бектұрғанов робот жүргізушінің сұрақтарына жауап беріп, жобаның қоғам үшін маңыздылығын көрсетті. Сұхбат соңында робот биімен көрермендерді таңғалдырды.
Онлайн марафон барысында Орталық референдум комиссиясы пресс-орталығы сайлау учаскелерінің ашылуы, дауыс беру процесі және шетелдегі учаскелердің жұмысы туралы ресми ақпараттарды ұсынады.
Шарада ҚР Ұлттық Ұланының Ерлер хоры, электро домбырамен өнер көрсеткен Ақтоты Болышева, Рухия Байдүкенова, «Жошы» этно-фольклорлық ансамблі, «Алтын домбыра» тобы секілді өнерпаздар қатысып, музыкалық номерлер голограмма шоуымен безендірілді.
«Референдум – 2026» онлайн марафоны көрермендерге қоғамдағы өзекті тақырыптарды талқылауға, сарапшылардың пікірін тыңдауға және еліміздегі инновациялық жобаларды кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді. Марафон 16 сағатқа созылып, 09:00–01:00 аралығында өтеді.
Тікелей эфирге мына сілтемелер арқылы қосылуға болады:
- YouTube: https://www.youtube.com/live/XI1B-nqakuI?si=gxL0PPqqmZy-46-C
- Facebook: https://www.facebook.com/share/v/1EckJhg5S2/
- Instagram: https://www.instagram.com/qazaqstantv/live/17987331689950875/
- TikTok: https://vt.tiktok.com/ZS9R1bfLPhNoH-xhVsr/
- Telegram: https://t.me/qazaqstantv?livestream