ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ЖОЛДАУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Жамбыл облысында Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген мәселелерді түсіндіруге арналған кездесулер өтті. Ақпараттық топ мүшелері Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл аудандарының тұрғындарымен жүздесіп, су шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, білім беру және өндіріс саласындағы өзекті мәселелерді талқылады, -деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Ақпараттық топ құрамында Құрылтай депутаты Әбілхайыр Тамабек, Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері Уалихан Болатбек пен Лугмар Буларов, сондай-ақ Су ресурстары және ирригация, Энергетика министрліктерінің вице-министрлері болды.
Кездесулер Тараз қаласындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде, «Анаға тағзым» орталығында, «Таразэнергоорталық» АҚ-да, Жамбыл жоғары политехникалық колледжінде және №67 мектепте ұйымдастырылды. Сонымен қатар ақпараттық топ өкілдері Байзақ ауданының Көктал және Жамбыл ауданының Аса ауылдарына барды.
Жиындарда су тапшылығын азайту, суару жүйелерін жаңарту, ауыл шаруашылығын дамыту және өндіріс көлемін арттыру мәселелері сөз болды. Тұрғындар өздерін толғандырған әлеуметтік және инфрақұрылымдық түйткілдерді де ортаға салды.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев су шаруашылығы нысандарын жаңарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, елімізде жаңа Су кодексі қабылданып, су заңнамасының орындалуын бақылау күшейтілген. Қазір суару желілерін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жүздеген мың гектар егістік жерді сумен қамту жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу ауқымы кеңейіп келеді. Соның нәтижесінде қазірдің өзінде бір миллиард текше метрден астам су үнемделген.
Ал Құрылтай депутаты Әбілхайыр Тамабек Жамбыл облысында су қорын тиімді пайдаланудың маңызына назар аударды. Оның сөзінше, өңір аумағының үштен бір бөлігіндегі тұрғындар мен шаруашылық нысандары жер асты суына тәуелді. Алайда бұл қорды шексіз пайдалануға болмайды. Сондықтан су тұтынуды қадағалап, әрбір су көзін ұқыпты пайдалану қажет.
Депутат Мемлекет басшысының Жолдауында Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құру жұмысын жедел аяқтау міндеті қойылғанын да атап өтті. Жаңа жүйе су көлемін нақты есептеуге, оны тиімді бөлуге және су тарату желілеріндегі шығынды азайтуға жол ашады.
Кездесу соңында ақпараттық топ мүшелері Жолдауда белгіленген міндеттердің нәтижесі нақты іспен көрінуі керектігін айтты. Сондай-ақ тұрғындар мен сала өкілдері көтерген мәселелерді бірлесе шешудің маңызын атап өтті.