Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерімен кездесу өткізді. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген негізгі міндеттер мен басым бағыттар талқыланды, -деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Кездесу барысында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, мемлекеттік аппаратты қағазбастылықтан арылту және шешім қабылдау үдерісін жеңілдету мәселелеріне назар аударылды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтегі артық рәсімдерді қысқарту, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру және мемлекеттік қызметшілерге арналған әдеп қағидаларын әзірлеу міндеттері сөз болды.
Агенттік төрағасы Жолдауда көтерілген бастамаларды жүзеге асыруда жас мамандардың әлеуеті мен белсенділігі маңызды екенін атап өтті. Кездесу соңында Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, елдегі мемлекеттік басқару жүйесін дамытуға бағытталған бастамаларды іске асыруға қатысуға дайын екендерін білдірді.